Қазақстан Солтүстік Македонияға 320 млн АҚШ долларынан астам сомаға өңделген өнім экспорттауға дайын

Қазақстан Солтүстік Македонияға 320 млн АҚШ долларынан астам сомаға өңделген өнім экспорттауға дайын

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Солтүстік Македония Республикасының Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунскимен кездесті. Сындарлы келіссөз екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жыл толуына орай өтті.

Тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Екі ел тауар айналымының тұрақты өсуі үшін жағдай жасауға айрықша көңіл бөлді. Тараптар өзара сауданы жандандыру және тиімді ынтымақтастықты кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

«Қолымыздағы сандар екіжақты саудаға жаңа серпін беру үшін бірлескен күш-жігерді күшейту қажет екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, тауар көлемінің уақытша төмендеуі біздің елдеріміз арасындағы экономикалық әлеуеттің зор екенін қалай болғанда да жоққа шығара алмайды», - деді Арман Шаққалиев.

Қазақстан Солтүстік Македонияға мұнай-химия, металлургия, тамақ, химия, фармацевтика және машина жасау салаларының өнімдерін қоса алғанда, 320 млн АҚШ долларынан астам сомаға өңделген тауарлардың экспортын ұсынуға дайын.

Солтүстік Македония өз кезегінде қазақстандық нарыққа кеңінен дайын екендігін білдірді. Министр Тимчо Муцунски Алматыда македониялық Alkaloid фармацевтикалық компаниясының кеңсесін ашу дайындығы жүріп жатқанын хабарлап, инвестицияларды ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құруға ниетті екенін жеткізді.

Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, туризм, цифрландыру, көлік және логистика сияқты салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. «Солтүстік – Оңтүстік» бастамасы шеңберінде мультимодальды маршруттарды дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл - Орталық Азия мен Балқан өңірінің инфрақұрылымдарын ұштастыру үшін жаңа көкжиек ашады.

«Екі жыл бұрын бизнес-форум өткіздік. Менің ойымша, G2G, G2B-ден басқа , B2B-ге кездесулер өткізу қажет. Биылғы жылдың соңына қарай осы бизнес форумның екінші бөлігін өткізу үшін жұмыс істеуіміз керек. Біз оны Скопьеде өткізуге дайынбыз. Бүгін таңертең біз АХҚО сауда палатасы өкілдерімен кездестік. Олардың тарапынан да бизнес-форумға дайындық бар екенін көріп отырмыз», - деп атап өтті Тимчо Муцунский.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-инвестициялық диалогты тереңдетуге, ведомствоаралық және бизнес-ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылысын растады. Қазақстан мен Солтүстік Македония бизнес-делегациялармен алмасуды жандандыруға, сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы байланыстарға жәрдемдесуге және дипломатиялық өкілдіктерді әріптестікті одан әрі институттандыру үшін платформа ретінде пайдалануға уағдаласты.