28 мамырда Астанада Astana International Forum аясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстан-Италия сауда қауымдастығы (ACIK) және екі ел Елшіліктері бірлесіп ұйымдастырған «Италия – Қазақстан» іскерлік форумы өтті. Іс-шара екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау, іскерлік байланыстарды нығайту және қосылған құн тізбегі бойынша — логистика мен өнеркәсіптік кооперациядан бастап жоғары технологиялар мен «жасыл» энергетикаға дейін — бірлескен жобаларды іске қосу үшін маңызды алаңға айналды.
Форум аясында жалпы сомасы 180 миллион еуроны құрайтын 10 меморандумға қол қойылды. Бұл екі елдің іскер топтары арасындағы жоғары сенім деңгейі мен өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін көрсетеді. Жобалар стратегиялық салаларды қамтиды — машина жасау, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу, металлургия, логистикалық процестерді цифрландыру, сондай-ақ Қазақстан аумағында бірлескен өндірістер құру арқылы Еуропа, Орталық Азия және Қытай нарығына шығу.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев форум Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық қатынастардың жаңа кезеңінің басталуын білдіретінін атап өтті.
«Бүгінгі форум сауда-экономикалық әріптестікті нығайтудың негізгі алаңына және жаһандық өзгерістер жағдайындағы стратегиялық диалогқа ұмтылыстың символына айналды. Қазақстан Италия Республикасымен жан-жақты, прагматикалық және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Біз тек сауданы кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар жаһандық логистика қайта құрылып, протекционизм мен әлемдік экономиканың цифрлануы күшейіп жатқан кезде халықаралық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті тұрақты әрі инновациялық экожүйе қалыптастырып жатырмыз», — деді министр.
Сондай-ақ ол Қазақстан өзін тек ресурс жеткізуші ғана емес, Еуразияның көлік, өндірістік және технологиялық хабы ретінде көретінін айтты. Осыған байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға ерекше назар аударылды, ол геоэкономикалық өзгерістер аясында дәстүрлі бағыттарға орнықты әрі бәсекеге қабілетті балама ретінде маңыздылыққа ие болуда. 2024 жылы бұл бағыттағы тасымал көлемі 63%-ға артып, 4,1 млн тоннаны құрады, ал контейнерлік тасымалдар 2,6 есеге өсіп, 50,5 мың ЖФЭ-ге жетті.
Тараптар дәстүрлі сауда алмасудан бірлескен өндірістік инфрақұрылым қалыптастыруға көшуге дайын екендерін көрсетті. Перспективалы бағыттар қатарында — қазақстан-италия бастамаларын қолдайтын инвестициялық қор құру, «Digital Supply Chain 4.0» цифрлық платформасын дамыту, экспорттық және инвестициялық тәуекелдерді бірлесіп сақтандыру тетіктерін енгізу, сондай-ақ болашақ жобалардың заманауи экологиялық және әлеуметтік стандарттарға сай болуын қамтамасыз ететін ESG жол картасын жасау бар. Қазақстан тарапынан ұсынылған негізгі бастамалардың бірі — «Made in Kazakhstan with Italy» бірлескен бренд құру идеясы болды. Бұл бренд терең технологиялық кооперацияның және жоғары бәсекеге қабілетті өнімді бірлесіп өңдеу мен экспорттауға көшу үрдісінің символына айнала алады.
Агроөнеркәсіптік кооперация да басты назарда болды. Қазақстан органикалық бидай, майлы дақылдар мен мал азығын экспорттауды ұлғайтуға дайын екенін білдіріп, халықаралық нарыққа бағытталған бірыңғай брендпен ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өңдеу және буып-түю желілерін құруды ұсынды.
Екіжақты сауда динамикасы тереңдетілген әріптестіктің өзектілігі мен қажеттілігін дәлелдеп отыр: 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 19,9 млрд долларды (+24%) құрады. Оның ішінде Қазақстаннан экспорт — 18,7 млрд долларды (+25,8%) құраса, Италиядан импорт — 1,3 млрд долларды (+2,2%) құрап, машина жасау өнімдерін, медициналық препараттар мен өндірістік жабдықтарды қамтыды.
Алайда, министр Шаққалиев атап өткендей, бұл көрсеткіштер — әлеуеттің тек бір бөлігі ғана.
Қазақстан мен Италия өзара сенімге, технологиялар алмасуына, өндірісті жергіліктендіруге және орнықты логистикаға негізделген мүлдем жаңа форматтағы әріптестік құра алады.