Тұтынушыға зергерлік бұйым үшін 390 000 теңге қайтарылды

Тұтынушыға зергерлік бұйым үшін 390 000 теңге қайтарылды

Шымкент қаласының тұрғыны зергерлік дүкеннен құны 390 000 теңге тұратын гауһар тасты сақина сатып алған. Алайда сатып алған тауары көңілінен шықпағандықтан, ол тұтынушылық құқықтарын қорғау мақсатында Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.

Өтінішті қарау барысында Департамент мамандары тұтынушы ұсынған құжаттарды зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның құқықтарын қорғау тәртібін түсіндірді.

Департамент мамандарының жәрдемдесуімен сатушының атына заңнамада белгіленген тәртіппен наразылық жолданды. Сондай-ақ сатушыға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тұтынушының талаптары қанағаттандырылды. Сатушы 390 000 теңге көлеміндегі қаражатты толық қайтарды.

Бұл жағдай тұтынушының уақтылы жүгінуі және өз құқықтарын қорғаудың белгіленген тәртібін сақтауы даулы мәселені тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Департамент тұтынушыларға сатып алуды растайтын түбіртектерді және өзге де құжаттарды, кепілдік құжаттарын, сондай-ақ сатушымен хат алмасуды сақтауды ұсынады. Даулы жағдай туындаған кезде сатушыға жазбаша наразылықпен уақтылы жүгінген жөн.

Құқықтары бұзылған тұтынушылар кеңес алу және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдем көрсету үшін Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.