
Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Астана – Дубай – Астана бағыты бойынша сатып алынған екі әуе билетіне жұмсалған ақшалай қаражатты қайтару мәселесі бойынша тұтынушы жүгінді.
2026 жылғы маусымда тұтынушы жалпы құны 554 530 теңге болатын екі әуе билетін сатып алған. Алайда кейін әуе компаниясы жолаушыға байланысты емес себептермен рейстерді үш рет тоқтатқан.
Рейстердің бірнеше рет тоқтатылуына байланысты тұтынушы ұшу күндерін өзгертуге мәжбүр болып, қосымша 38 826 теңге төлеген. Осылайша, әуе тасымалына байланысты тұтынушының жалпы шығыны 593 356 теңгені құраған.
Кезекті рейстің қайта тоқтатылуынан кейін тұтынушы сапардан бас тартып, билетке жұмсалған ақшалай қаражатты қайтаруды талап еткен. Алайда әуе компаниясы ұшу күндерін өзгертуге байланысты бұрын төленген соманы қайтарудан бас тартқан.
Осыған байланысты тұтынушы өз құқықтарын қорғауға жәрдем көрсету үшін Департаментке жүгінді.
Өтінішті қарау барысында Департамент тұтынушы ұсынған құжаттарды, төлемдерді растайтын мәліметтерді және әуе компаниясымен жүргізілген хат-хабарларды зерделеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мәселе тұтынушының пайдасына шешілді.
Нәтижесінде тұтынушыға жұмсалған қаражат толық көлемде – 593 356 теңге қайтарылды.
Департамент тұтынушыларға рейс тоқтатылған немесе өзгертілген жағдайда әуе билеттерін, төлемді растайтын құжаттарды, рейстің тоқтатылғаны немесе өзгертілгені туралы хабарламаларды, әуе компаниясымен жүргізілген хат-хабарларды, сондай-ақ қосымша шығындарды растайтын құжаттарды сақтауды ұсынады.
Тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда, азаматтар кеңес алу және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдем көрсету үшін Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.
Құқықтарыңызды біліңіз және оларды қорғаңыз!