
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ықпалымен Көкшетау қаласының тұрғыны өз құқықтарын сотқа дейінгі тәртіппен қорғап, сатып алу-сату шартын бұзып, 406 мың теңге көлеміндегі несиені жоюға қол жеткізді.
Азаматша тұрмыстық техниканы таныстыруға арналған жарнамалық акцияға қатысқаннан кейін Департаментке жүгінді. Іс-шара барысында оған тегін аэрогриль ұтып алғаны хабарланып, сыйлық ретінде мұз жібіткіш пен таба берілген. Алайда кейіннен азаматша аталған іс-шара кезінде 406 мың теңге сомасына Kaspi QR арқылы сатып алу-сату шарты жасалып, несие рәсімделгенін анықтаған.
Өтінішті қарағаннан кейін Департамент мамандары «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұтынушыға құқықтық көмек көрсетіп, дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге жәрдемдесті. Азаматшаға өз құқықтары түсіндіріліп, сатушыға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтау қажеттігі көрсетілді.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тараптар сатып алу-сату шартын бұзу туралы келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес шарттық міндеттемелер тоқтатылып, тұтынушының ақшалай қаражаты қайтарылды және Kaspi QR арқылы рәсімделген 406 мың теңге көлеміндегі несие жойылды.
Департамент «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әрбір тұтынушы тауар, оның бағасы, сатып алу шарттары және өзіне жүктелетін қаржылық міндеттемелер туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы екенін еске салады.
Кез келген құжатқа қол қоймас бұрын оның мазмұнымен мұқият танысып, жарнамалық акциялардың ықпалымен асығыс шешім қабылдамауға және даулы жағдайлар туындаған жағдайда өз құқықтарыңызды қорғау үшін уақтылы уәкілетті органдарға жүгінуге кеңес беріледі.