ҚР СИМ Қостанай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде әдеттегі, бірақ жағымсыз жағдайға тап болған тұтынушы жүгінді.
Тұтынушы дүкеннен мұздатылған жартылай фабрикат – картоп қосылған тұшпара сатып алған. Тауар дүкеннің өзінде оралып, өлшеніп және таңбаланған. Алайда үйде пісіргеннен кейін қаптаманың ішінде қырыққабат қосылған тұшпара болғаны анықталған.
Тұтынушы сапасыз тауар үшін төленген ақшаны қайтару туралы талаппен дүкенге жүгінген (заттаңбадағы ақпарат нақты құрамға сәйкес келмеген). Алайда сатушы тауар тек сатып алынған күні ғана қайтарылатынын алға тартып, ақшаны қайтарудан негізсіз бас тартқан.
Департамент бұл мәселе бойынша тексеру жүргізіп, түбіртек пен заттаңбаға сәйкес «картоп қосылған тұшпара» сатылғанын, ал іс жүзінде басқа өнім – «қырыққабат қосылған тұшпара» берілгенін анықтады.
Тексеру нәтижелері бойынша дүкеннің әрекеттері өнімнің тұтынушылық қасиеттері туралы тұтынушыны жаңылыстыру ретінде бағаланды. Тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді: дүкен қатені мойындап, тексеру барысында тауардың құнын толық көлемде қайтарды.
Сонымен қатар, кәсіпкер тұтынушыларды тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тұтынушылық қасиеттері немесе сапасы жөнінде жаңылыстырғаны не өзге де жолмен алдағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Егер қаптамадағы ақпарат заттаңбадағы мәліметке сәйкес келмесе, тұтынушы не істеуі керек?
Біріншіден, кассалық түбіртек пен заттаңбаны сақтаңыз. Олар сатып алу фактісін және тауардың дұрыс таңбаланбағанын растайтын негізгі дәлел болып табылады.
Екіншіден, дүкен әкімшілігіне жүгініңіз. Егер тауар дүкеннің өзінде өлшеніп, оралып және таңбаланған болса, ақпараттың дұрыстығына сатушы жауап береді.
Егер дүкен заңды талаптарды орындаудан бас тартса, тұтынушы аумақтық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге құқылы.