Түркістан облысында онлайн-сатып алу кезінде тұтынушының құқығы қорғалды

Түркістан облысында онлайн-сатып алу кезінде тұтынушының құқығы қорғалды

Түркістан облысында әлеуметтік желі арқылы сатып алынған тауар үшін тұтынушыға ақшасы қайтарылды.

Түркістан облысының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы 22 500 теңгеге киімге тапсырыс берген. Алайда тапсырысты алғаннан кейін тауар өлшемінің көрсетілген сипаттамаға сәйкес келмейтіні анықталған.

Тұтынушы сатушыға тауарды қайтарып, төленген ақшаны қайтару туралы талап қойған. Дегенмен тараптар дауды өзара шеше алмаған.

Өз құқығын қорғау мақсатында азаматша Түркістан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.

Департамент мамандары сатушыға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізді. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес, егер тауар мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмесе, тұтынушы оны айырбастауды немесе қайтаруды талап етуге құқылы.

Өтінішті қарау нәтижесінде тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді. Тараптар өзара келісімге келіп, сатып алушыға тауар үшін төленген ақша толық көлемде қайтарылды.

Еске саламыз, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алған кезде тұтынушылардың құқықтары кәдімгі сауда орындарында тауар сатып алған кездегідей қорғалады. Өз құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар оларды қорғау үшін уәкілетті органдарға жүгіне алады.