
Тұтынушы Семей қаласындағы автосалондардың бірінен құны 6 млн теңге болатын автокөлікті несиеге сатып алған. Автокөлікті сатып алғаннан кейін тұтынушы көлік қанатындағы лак-бояу жабынының ақауын, атап айтқанда зауыттық бояудың қабыршақтанып түсуін анықтаған.
Өз құқықтарын қорғау мақсатында тұтынушы автосалон басшылығына анықталған ақауды жою немесе автокөлікті дәл сондай маркадағы және жинақтамадағы басқа автокөлікке ауыстыру туралы талап қойған. Алайда автосалон тұтынушының заңды талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан.
Осыған байланысты тұтынушы дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу мақсатында көмек көрсету үшін Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Департамент мамандары тұтынушыға Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамада көзделген құқықтарын түсіндіріп, сондай-ақ сауатты сотқа дейінгі талап хат дайындауға құқықтық көмек көрсеткен.
Нәтижесінде автосалон тұтынушының уәждерін негізді деп танып, автокөліктің қанатын өз қаражаты есебінен ауыстырған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тараптар арасындағы дау сотқа дейінгі тәртіппен реттеліп, тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді.