300 мың теңгеге жасалған үстел мерекеге шыдамады: сот шеберді қаражатты қайтаруға және өтемақы төлеуге міндеттеді

300 мың теңгеге жасалған үстел мерекеге шыдамады: сот шеберді қаражатты қайтаруға және өтемақы төлеуге міндеттеді

Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2025 жылғы қараша айында керамограниттен үстел жасатуға тапсырыс берген тұтынушы жүгінді. Ол шебердің жұмысына 170 000 теңге, ал материалдарға 137 155 теңге төлеген.

2025 жылғы 21 мамырда дайын өнім тұтынушыға жеткізілді. Алайда қабылдау барысында ол елеулі кемшіліктерді анықтады: үстел тұрақсыз болып, үстіңгі тақтайы майысып тұрған. Тұтынушы бұл туралы бірден шеберге хабарлап, ақауларды жоюды талап етті. Шебер келісіп, қосымша тіреу орнатып, үстелді қайта әкеліп беріп, оның сапасы талапқа сай екенін мәлімдеген. Дегенмен, мәселе толық шешілмеген.

Арада екі ай өткен соң, үйінде қонақ шақырып, дастарқан жайған кезде үстел жүктемеге шыдамай, дәл ортасынан бойлай жарылып кеткен. Соның салдарынан ыдыс-аяқ сынған, тағамдар бүлінген, ал іс-шараның сәні кеткен.

Оқиғадан кейін тұтынушы қайтадан шеберге жүгінгенімен, ол жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде беріп, міндеттемесін орындамаған.

Осыған байланысты тұтынушы Департаментке жүгініп, оған сотқа дейінгі талап-арызды, кейіннен сотқа талап қою арызын дайындауда көмек көрсетілді. Сот отырысы онлайн форматта өтіп, мемлекеттік орган іске үшінші тұлға ретінде қатысты.

2026 жылғы 14 сәуірдегі сот шешімімен талап қою толық көлемде қанағаттандырылды: шеберден 170 000 теңге жұмыс ақысы, 137 155 теңге материал шығыны және 15 000 теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

Департамент азаматтарға ескертеді: тапсырыс бермес бұрын орындаушының беделін, клиенттердің пікірлерін және жұмыс тәжірибесін мұқият зерделеу қажет.