Фитнес-клуб 20% ақшаны негізсіз ұстап қалған: БҚО-да тұтынушыға қаржы тек тексерістен кейін қайтарылды

Фитнес-клуб 20% ақшаны негізсіз ұстап қалған: БҚО-да тұтынушыға қаржы тек тексерістен кейін қайтарылды

Ағымдағы жылдың ақпан айында Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қаладағы фитнес-клубтардың бірінің басшылығына қатысты азаматтан өтініш келіп түсті.

Өтінішке сәйкес, 2025 жылғы 17 желтоқсанда тұтынушы мен фитнес-клуб арасында 1 жыл мерзімге қызмет көрсету туралы шарт жасалған. Қызмет құны 257 600 теңгені құрады. Алайда 2025 жылғы 30 желтоқсанда тұтынушының жазбаша өтініші негізінде шарт бұзылған. Айта кету керек, тұтынушы клуб қызметін бірде-бір рет пайдаланбаған.

Соған қарамастан, қаражатты қайтару кезінде фитнес-клуб абонемент құнының 20%-ын, яғни 51 520 теңгені ұстап қалған.

Өтініш негізінде Департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында кәсіпкерлік субъектісі аталған ұсталымды шарттың талаптарымен негіздеуге тырысқан. Атап айтқанда, шартқа сәйкес қаражат 20% ұсталып қайтарылатыны көрсетілген.

Алайда Департамент бұл талаптың Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 8-1-бабы 1-тармағына қайшы келетінін анықтады. Аталған нормаға сәйкес, орындаушы тұтынушының құқықтарын бұзатын немесе шектейтін шарт талаптарын енгізуге құқылы емес.

Сонымен қатар, осы баптың 2-тармағына сәйкес, шартты бұзу кезінде көрсетілмеген қызмет үшін төленген ақшаны қайтармауды көздейтін талаптар жарамсыз болып танылады.

Тексеру нәтижесінде Департамент фитнес-клуб басшылығына анықталған заң бұзушылықтарды жою және ұсталған соманы қайтару туралы нұсқама берді. Нұсқама алынған күні фитнес-клуб тұтынушыға 51 520 теңгені толық көлемде қайтарды.

Бұл жағдай заңға қайшы келетін және тұтынушының құқықтарын шектейтін шарт талаптары, олар келісімде көрсетілгеніне қарамастан, қолдануға жатпайтынын айқын көрсетеді.