Батыс Қазақстан облысының тұрғыны автокөлігін сатып, ақшасыз қалды: автосалон 4,8 млн теңгені кешіктірген

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны автокөлігін сатып, ақшасыз қалды: автосалон 4,8 млн теңгені кешіктірген

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны автокөлігін автосалон арқылы сату барысында шарт талаптарының өрескел бұзылуына тап болды. Барлық міндеттемелерін орындағанына қарамастан, ол сатылған көліктің ақшасын алу үшін бірнеше рет жүгінуге мәжбүр болған.

Ағымдағы жылдың 2 ақпанында азамат «Б» автосалонмен және үшінші тұлға — сатып алушымен үшжақты шарт жасасып, Принципал ретінде қатысқан. Шартқа сәйкес, автосалон (Агент) көлікті сатып алушыға өткізу бойынша заңдық және іс жүзіндегі әрекеттерді жүзеге асыруға міндеттенген.

Көліктің құны 5 150 000 теңге болып белгіленген, оның ішінде 350 000 теңге — автосалонның сыйақысы. Осылайша, сатушы 4 800 000 теңгені қолма-қол немесе қолма-қолсыз түрде, толық немесе бөліп, көлік беріліп, барлық құжаттар рәсімделгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде алуы тиіс болған.

Алайда автокөлік 2 ақпан күні сатып алушыға тапсырылғанына қарамастан, 13 ақпанға дейін қаражат түспеген. Автосалонға жүгінген кезде азаматқа 16 ақпанда келу ұсынылған. Бірақ сол күні де ақша берілмей, қызметкерлер «күн соңына дейін түседі» деп уәде бергенімен, бұл орындалмаған.

17 ақпанда азамат автосалонға қайта барғанымен, тағы да «қаражат жоқ» деген жауап алған. Сол күні сағат 15:00-де ол Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, оған сотқа дейінгі талап арыз дайындауға құқықтық көмек көрсетілген.

Айта кету керек, автосалон қызметкерлері талап арызды қабылдаудан бас тартып, тұтынушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқығын бұзған. Осыған байланысты азамат өтінішін «Қазпошта» АҚ арқылы жолдауға мәжбүр болған. Тек осыдан кейін ғана, сол күні кешке қарай, қаражат оның банк картасына аударылған.

Осылайша, автосалон шарт талаптарын, атап айтқанда өзіне жүктелген міндеттемелерді адал әрі тиісті түрде орындау міндетін бұзған.

Жағдайды автосалон қызметкерлерінің тұтынушыға деген көзқарасы да ушықтырған. Ауылдық жерден бірнеше рет қалаға келуге мәжбүр болған азаматтың орынды талаптарына олар «қайда барсаңыз да, кімге шағымдансаңыз да өзіңіз білесіз» деп жауап берген.

Бұл жағдай тұтынушылар үшін өз құқықтарын білу мен оларды қорғаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Кәсіпкер тарапынан немқұрайлы көзқарас болғанның өзінде, заңды құралдарды тиімді пайдалану арқылы әділдікке қол жеткізуге болады.