
Түркістан облысында сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандар 750 000 теңге көлемінде тұтынушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге құқықтық көмек көрсетті.
Астана қаласының тұрғыны *****Beauty компаниясынан жалпы сомасы 750 000 теңгеге косметикалық өнімдерге тапсырыс берген. Алайда сатушы тарапынан тауарды келісілген мерзімде жеткізу жөніндегі міндеттемелер орындалмаған. Осыған байланысты тұтынушы уәкілетті органға шағыммен жүгінген.
Түскен өтініш негізінде Түркістан облысының мамандары аталған жағдайды бақылауға алып, сатушымен өзара байланыс орнату арқылы тиісті жұмыс жүргізді. Тексеру барысында тұтынушының құқықтарының бұзылғаны анықталды.
Өтінішті қарау нәтижесінде және Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес сатушы тұтынушыға төленген ақшалай қаражатты толық көлемде — 750 000 теңгені қайтарды.
Мамандар интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде осындай жағдайлардың жиі кездесетінін атап өтіп, азаматтарға жеткізу мерзімдерін алдын ала нақтылауға, сату шарттарын мұқият зерделеуге, сондай-ақ сатушының сенімділігі мен ресми деректерін тексеруге кеңес береді.
Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда азаматтардың өздерінің заңды мүдделерін қорғау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы екені еске салынады.