Оңтүстік Кореяға тур өтпеді: тұтынушыға 1,31 млн теңге қалай қайтарылды

Оңтүстік Кореяға тур өтпеді: тұтынушыға 1,31 млн теңге қалай қайтарылды

2025 жылдың қазан айының соңы мен қараша айының басына жоспарланған Оңтүстік Кореяға туристік сапар бір сәтте үміт пен жоспардың күл-талқанын шығарды. Ұшуға небәрі екі күн қалғанда жойылған тур туристік қызмет тұтынушылары қандай тәуекелге тап болуы мүмкін екенін айқын көрсетті.

Турды банк арқылы бөліп төлеумен алдын ала рәсімдеген турист сапардан ғана емес, 1 310 000 теңге көлеміндегі қаражатынан да уақытша айырылды. Сапар тоқтатылғаннан кейін ақшаны қайтару туралы ресми өтініш беріліп, қаражат келісімшарт талаптарына сәйкес қайтарылады деген уәде берілгенімен, іс жүзінде бұл процесс ұзаққа созылды.

45 күннен астам уақыт бойы нақты жауап та, қаражаттың қайтарылғанын дәлелдейтін құжат та ұсынылмады. Белгісіздік пен созбалаңға тап болған турист ақыры өз құқығын қорғау үшін мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр болды.

2025 жылғы 9 желтоқсанда жолданған өтініш  Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жөніндегі уәкілетті органда қаралды. Азаматтың талаптары толық көлемде қанағаттандырылып, жойылған тур үшін төленген қаражат толығымен қайтарылды.

Сарапшылар бұл оқиғаны тұтынушы құқығын қорғаудың нақты мысалы ретінде бағалайды. Қызмет көрсетілмеген жағдайда және қаражатты қайтару негізсіз созылған кезде, мемлекеттік тетіктердің жұмыс істейтіні осы оқиға арқылы тағы бір мәрте дәлелденді.

Бұл тарих бір адамның мәселесімен шектелмейді. Ол туристік нарықтағы жауапкершілік, ашықтық және сенім мәселелерін қайта күн тәртібіне шығарды. Ал қарапайым тұтынушы үшін бұл — өз құқығын білу, құжаттарды мұқият сақтау және қажет болған жағдайда әділдік жолында үнсіз қалмаудың маңызды екенін еске салатын тағылымды сабақ.