
Сұлулық индустриясында кейде тартымды болуға деген талпыныс денсаулыққа зиян тигізіп жатады. Алайда бұл жолы бәрі басқаша аяқталды — тұтынушы өз құқығын қорғап, әділдікке қол жеткізді.
5 қазан күні Ақтау қаласының тұрғыны қарапайым ғана қызметке — кірпік жабыстыру рәсіміне жүгінген. Бірақ күтім мен сұлулықтың орнына ол көзінің тітіркенуі мен ісінуіне, сондай-ақ маманның кәсіби емес жұмысына тап болды. Тексеру барысында кірпіктердің табиғи кірпіктерге емес, тура қабақтың терісіне жабыстырылғаны анықталды. Бұл — гигиеналық және кәсіби талаптардың өрескел бұзылуы.
Клиент көрсетілген сапасыз қызметпен келіспей, өз құқығын қорғау мақсатында Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Өтініш Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы негізінде қаралды.
Нәтижесінде:
қызметке жұмсалған 8 000 теңге,
кірпікті алдыру үшін төленген 2 000 теңге —
тұтынушыға толық көлемде қайтарылды.
Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті еске салады:
егер сіз сапасыз тауар немесе қызмет көрсетумен бетпе-бет келсеңіз, Департаментке жеке барып немесе электрондық түрде E-otinish.gov.kz және E-tutynushy.kz платформалары арқылы жүгінуге болады.
Чектерді, фото және бейнематериалдарды сақтаңыз — бұл сіздің құқықтарыңызды тез және тиімді қалпына келтіруге көмектеседі.