Алматыда жаңа жеңіл автокөлік сатып алушылар жиі кездесетін жағдай – автосалондар тарапынан қажетсіз қосымша құрылғылар мен қызметтердің күштеп ұсынылуы. Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына қайшы келеді.
Қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізген мониторинг барысында бірқатар автодилерлердің көлік сату кезінде клиенттерге қосымша қызметтер мен аксессуарларды міндеттеп отырғаны анықталды. Мамандар еске салды: заңның 8-1-бабына сәйкес, сатушы тұтынушының құқығын шектейтін немесе бұзатын шарттарды келісімшартқа енгізуге құқылы емес.
Заңға сай, әрбір азамат тауарды еркін таңдауға құқылы. Сатып алушыны өзіне қажет емес көлемде немесе артық ассортиментпен тауар алуға мәжбүрлеуге болмайды.
Сонымен қатар, жаңа автокөліктерге қосымша жабдық орнату тек тұтынушының келісімімен ғана жүргізілуі тиіс. Егер көлікке алдын ала қосымша опциялар орнатылып қойса, сатып алушы оларды алып тастауды талап ете алады. Бұл жағдайда демонтаж шығындары тұтынушының келісімімен жүзеге асырылады. Дегенмен ешкім сатып алушыны жабдықталған көлікті ғана алуға міндеттей алмайды.
Яғни, әрбір азамат базалық жиынтықтағы автокөлікті таңдауға және өз құқығын қорғауға толық құқылы.