Атырау облысында сот шешімімен автосалонға айыппұл салынды

Атырау облысында сот шешімімен автосалонға айыппұл салынды

Тұтынушы «Урал-Кров-Авто Плюс» автосалонынан автокөлігін сатып алған. Сатып алған автокөлігі сапасыз болғандықтан, автокөлікті басқа жаңа автокөлікке ауыстыруды немесе автокөлікке төленген қаражатты қайтару туралы «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС-не наразылықпен жүгінген.

Алайда «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС тұтынушының жазбаша наразылығына жауап берместен, автокөлікті басқа жаңа автокөлікке ауыстыруды немесе автокөлікке төленген қаражатты қайтарудан бас тартады.

Осыған байланысты тұтынушы Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арыз жазады.

Арызға сәйкес Департамент тарапынан «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындалды. Тексеріс нәтижесімен ҚР ӘҚБтК-нің 190-бабы 5-тармағы 2,3-тармақшаларына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар, «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС мен тұтынушы арасындағы жасалынған 08.09.2021 жылғы №78 автокөлікті жеткізу туралы келісім шартты бұзып, 11 022 300 тенге қаражатты қайтару туралы бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілді.

Алайда «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС тарапынан бұзушылықты жою туралы ұйғарым орындалмады. Сол себепті, Департамент тарапынан «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС-не қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3 тармағымен әкімшілік хаттама толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Сот шешімімен «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС-не 428 820 тенге айыппұл салынды. Сот шешімімен келіспегендіктен «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС апеллияциялық шағым берді. Алайда, соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Қазіргі уақытта «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС мен тұтынушы арасындағы жасалынған автокөлікті жеткізу туралы келісім шарт бұзылып, 11 022 300 тенге қаражат тұтынушыға қайтарылды.