Тұтынушы құқығы қорғалды: келісімшарттан бас тартуға байланысты шағым оң шешімін тапты

Тұтынушы құқығы қорғалды: келісімшарттан бас тартуға байланысты шағым оң шешімін тапты

2025 жылдың 31 наурызында тұтынушы шетелге жұмысқа жіберетін компания кеңсесіне барып,  шетел визасын рәсімдеу және  жұмысқа жіберу бойынша қызмет көрсету туралы келісімшартқа қол қойды. Қызметтің толық құны (476 000 т.), банк  комиссиясымен қоса, сол күні төленді.

Алайда 2025 жылдың 2 сәуірінде, яғни келісімшарт жасалғаннан кейін екі күннің ішінде, отбасылық жағдайларға байланысты тұтынушы келісімшартты бұзуға мәжбүр болды. Ол компанияға тиісті өтінішпен жүгініп, ешқандай құжат тапсырмағанын және көрсетілген мерзімде компания тарапынан ешқандай шығын болмағанын ескертіп, ақшасын қайтаруды талап етті.

Дегенмен, компания тұтынушының келісімшарттан бас тарту туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты. Осы жағдайға орай, тұтынушы Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсірді.

Шағымды қарау барысында департамент Қазақстан Республикасының “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңына сәйкес, тұтынушының құқығын толықтай ескеріп, заңнама нормаларына сүйене отырып, компанияның әрекетін дұрыс емес деп таныды. Себебі келісімшарт жасалғаннан кейін аз уақыт өтті, қызмет көрсету басталмады және компания нақты шығындарға ұшыраған жоқ.

Нәтижесінде, тұтынушының талабына сәйкес, төленген қаражат толық көлемінде қайтарылды. Бұл оқиға – тұтынушылардың өз құқықтарын білуі және оларды қорғау үшін заңды жолмен әрекет етуінің жарқын мысалы.

Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарға кез келген келісімшарт жасалғанда оның шарттарын мұқият оқуға, сондай-ақ заңмен белгіленген құқықтарын білуге шақырады. Егер тұтынушы құқығы бұзылса, бірден  тиісті органдарға жүгіну арқылы әділ шешімге қол жеткізуге болады.