
Егер тұтынушының өтініші бойынша сатып алуды басқа тұлға жүзеге асырса, сатушы техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін тауарды қайтарудан бас тартуға құқылы ма? Тұтынушының бұл жағдайда моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқығы бар ма? Осы мәселелердің барлығы бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда қаралды, оларда даудың нысанасына дербес талабын мәлімдемейтін үшінші ретінде ҚР СИМ-нің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қатысты.
Азамат С. бейнебақылау камераларындағы бейнежазбаларға сәйкес азық-түлік өнімдерін басқа адам сатып алғанның негізінде, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарды қайтарудан бас тартқан сатушының әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап Департаментке өтінішпен жүгінді. Сатушы азамат С.-та кассалық түбіртетігі бар екенін және төлем қолма-қол ақшасыз есеппен оның төлем картасынан ақшаны есептен шығару арқылы жүзеге асырылғанын ескермеген.
Департамент тұтынушының өтінішіне жауап берді, онда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 1-бабының 15-тармағына сәйкес, «тұтынушы – жеке, отбасында, үй ішінде және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға ғана арналған тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) тапсырыс беру немесе соларды сатып алу ниеті бар не тапсырыс беретін, сатып алатын және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға». «Тұтынушы» терминінің (түсінігінің) ұқсас анықтамасы 022/2011 КО ТР «Тамақ өнімдері оның таңбалау бөлігінде» Кеден одағының техникалық регламентінде де бар.
Бұл жағдайда азамат С. тұтынушы – жеке, отбасында, үй ішінде және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға ғана арналған тауарды пайдаланатын жеке тұлға, болып саналады және тиісінше Заңда белгіленген тұтынушылық құқықтарының барлығына ие болады. Сатушының техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін тауарды қайтарудан бас тартуы бұл жағдайда заңсыз болып табылады.
Сот отырысында Департамент өкілі Қазақстан Республикасының заңнамасында тұтынушының тауар туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алу, қауіпсіз тауарды сатып алу және оның тиісті сапасына құқығы, сондай-ақ тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге құқығы бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, тұтынушы құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
Сатушы тұтынушының тауар туралы ақпарат алу құқығын бұзды, т.к. сатылған кезде оның таңбалануы 022/2011 КО ТР талаптарына сәйкес келмеді. Талаптарға сәйкес тамақ өнімдері оның таңбалануы қолданылатын техникалық регламенттерге сәйкес келсе ғана, нарық айналымға шығарылады.
Тұтынушы болмаған кезде бөлшек сауда ұйымдары тамақ өнімдерін орау кезінде тұтынушылық қаптамада немесе оған жапсырылған заттаңбада тамақ өнімінің атауы, оның жасалған күні, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары көрсетілуі тиіс. 022/2011 КО ТР, сондай-ақ Заңның 25-бабында көзделген басқа ақпарат тұтынушыға осы тамақ өнімдерін негізді таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін кез келген тәсілмен (соның ішінде тұтынушылық қаптамаға және (немесе) жапсырмаларға, және (немесе) қосалқы парақшада әрбір орау бірлігіне орналастырылған немесе өнімнің әрбір орау бірлігіне қосылған) жеткізіледі.
Сондай-ақ, Департамент өкілі сатушының Заңда белгіленген міндеттерін орындамағанын атап өтті. Заңның 30-бабының 1-1-тармағына сәйкес сатушы техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуына-сақталмауына қарамастан, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруды немесе сатып алынған тауар үшін ақшалай соманы тұтынушыға қайтара отырып, қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Заңның негізінде тұтынушы моральдық зиянды өтетуге құқылы. Моральдық зиян деп азаматтың өзіне тиесiлi өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың заңға қайшы бұзылуының, кемсiтiлуiнің немесе олардан айырылуының нәтижесінде туындаған жан немесе тән азабын түсiну қажет. Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін сатушының бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиянды өтеуді, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сот немесе тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыруы мүмкін. Сонымен бірге моральдық зиянды өтеу тауардың кемшіліктері салдарынан келтірілген залалдарды (нұқсанды) өтеуге қарамастан жүзеге асырылады.
Петропавл қаласының № 2 Соты азамат С.-тың пайдасына сатушыдан 1509 теңге материалдық шығынды және 10000 теңге моральдық зиянды өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Қазақстан Республикасы Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды, сатушының апелляциялық шағымы қанағаттандырылған жоқ.