Департамент басшысы Жетісу облыстық Қоғамдық кеңес отырысына қатысты

Департамент басшысы Жетісу облыстық Қоғамдық кеңес отырысына қатысты

28 ақпан күні Жетісу облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, тариф мәселелеріне байланысты аталған шараға облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еділ Зайтбеков қатысты.  

Кеңестің күн тәртібінде «Жетісу облысының аумағын абаттандыру қағидалары», облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық кеңестердің жанындағы «Диалог алаңы» Ережесі бекітіліп, облыс аумағында электр қуатына төленетін тариф мөлшері, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қол жетімділігі жайлы мәселелер қаралды.

Жиынды облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков ашып жүргізіп,  күн тәртібіндегі бірінші-екінші мәселелер бойынша сала басшылары ақпарат беріп, абаттандыру қағидаларын бекітуге бірауыздан дауыс берген қоғам белсенділері облыстық, қалалық, аудандық Қоғамдық кеңестердің жанынан ашылуы тиіс «Диалог алаңының» Ережесін бекітуге келісім берді.

          Жиында қаралған үшінші мәселе – электр қуатының бағасын өсіруге қатысты «ТАЭТК» АҚ-ның Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Гүлнар Адамбекова мен «Жетысу Энерготрейд» ЖШС  директорының орынбасары Манар Абдамбаев кезекпен сөз алып, мәселенің маңыздылығын түсіндірді. Сала мамандарының айтуынша, қазір облыс тұрғындары электр қуатының әр киловатына 19 теңгеден төлейді. Алайда бұл қаржы соңғы уақыттағы қымбатшылыққа байланысты электр таратушы мекеменің шығынын жабуға жетпейді. Сондықтан баға біртіндеп көтеріледі.

Осыған орай жан-жақтан сауал қойған Қоғамдық кеңес мүшелері тарифтің өсуінің негізгі себептерін сұрап білді. Мамандардың пікіріне қарағанда, «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңының 7-1-бабы 3-тармағының 4- тармақшасына сәйкес, сондай-ақ ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №118 бұйрығымен бекітілген баламалы қуат көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларына сәйкес биыл электр қуатының бағасы шартты тұтынушылар үшін 1 килоВаты 1,77 теңгеден 2,21 теңгеге өсіп отыр.

Оған себеп көп. Соның бірі электр қуатын тасымалдаушы компаниялар баға көтеруді жөн деп тапқан. Атап айтқанда, «KEGOC» АҚ өңіраралық электржелілік компаниясы 1 килоВат сағат үшін 3,190 теңгеден 3,364 теңгеге, «ТАТЭК» АҚ өңірлік электр желілік компаниясы 1 килоВат сағат үшін бағаны 8,00 теңгеге, «Қаратал Транзит» ЖШС 1 килоВат сағат үшін 1,52 теңгеге, «Т-Транзит» ЖШС 1 килоВат сағат үшін 1,48 теңгеге, «ҚТЖ «ҰК» АҚ 1 килоВат сағат үшін 2,44 теңгеге өсірген. Соған орай, облыс тұрғындарына жарық жеткізетін «Жетысу Энерготрейд» ЖШС-і жеке тұлғалардың тарифін 19,00 теңгеге қымбаттатып отыр. Себебі, электр желілерінің тозуы, жұмыскерлердің айлық жалақысын өсіруді талап етуі бағаның өсуіне апарған.

Осыны ескерген Қоғамдық кеңес мүшелері тарифті біртіндеп өсіруге келісім берді.