ЕГЕР ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКА ТИІСТІ ЕМЕС САПАДАҒЫ БОЛЫП ШЫҚСА, ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ТАЛАПТАРЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ МЕРЗІМДЕРІ

ЕГЕР ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКА ТИІСТІ ЕМЕС САПАДАҒЫ БОЛЫП ШЫҚСА, ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ТАЛАПТАРЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ МЕРЗІМДЕРІ

«Сатып алынған тұрмыстық техниканың ииісті емес сападағы болып шыққан жағдайына тап болған көптеген тұтынушылар өз таңдауы бойынша:

  • сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
  • тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;
  • тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
  • соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;
  • сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;
  • шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы екенін біледі.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы (бұдан әрі – Заң) тұтынушының сатушыға (дайындаушыға) жоғарыда аталған талаптарды қандай мерзімде және қандай жағдайларда ұсынуға құқылы екенін анықтайды.  Кез келген тұрмыстық техникаға кепілдік мерзімі белгіленуі керек, яғни дайындаушы (сатушы) тауардың тиісінше пайдаланылған және сақталған жағдайда оның сапасына кепілдік беретін мерзім.

Егер тұрмыстық техникаға кепілдік мерзімі белгіленген болса, тауардағы кемшіліктер кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоюға құқылы. Заңға сәйкес сатушы (дайындаушы) егер тауардағы кемшіліктер оларды тұтынушыға бергеннен кейін тұтынушының тауарды пайдалану немесе оны сақтау ережелерін бұзуы не үшінші бір тұлғалардың іс-әрекеті немесе еңсерілмейтін күштің салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, тұтынушының талаптарын қанағаттандыруға міндетті.

Тұрмыстық техникада шартта көзделген кепілдік мерзімі өткеннен кейін ақаулар анықталса, оны айырбастау немесе қайтару туралы талап қоюға бола ма?Бұл мүмкіндікті заң шығарушы береді. Тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілдік мерзімі өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде тапқан жағдайларда,  өз талаптарын қоюға құқылы. Алайда, егер тұтынушы тауардағы кемшіліктердің тауар тұтынушыға берілгенге дейін немесе сол кезге дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) тауардың сапасына жауапты болады.Техникалық регламентке сәйкес дайындаушы тұрмыстық техникаға кепілдік мерзімін белгілеуге міндетті. Бұл ретте Заңда егер дайындаушы  Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тауарға кепілдік мерзімін белгілеу жөніндегі міндеттемені орындамаса немесе оны тиісінше орындамаса, сатушы оны белгілеуге міндетті екендігі белгіленген.Сонымен қатар, кейбір тұтынушылар тауарды сатып алған кезде оның кепілдік мерзімі бар ма, жоқ па, соған тиісті мән бермейді. Мысалы, базардан  қытайлық шәйнекті немесе микротолқынды пешті сатып алып, ол бұзылған соң ғана кепілдік мерзімін өндіруші де, сатушы да белгілемегенін анықтайды.Бірақ мұндай жағдайда да Заң тұтынушының тиісті емес сападағы  тауарды айырбастау немесе қайтару құқығын қамтамасыз етеді. Егер тауарға кепілдік мерзімі немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде табылған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында бұдан да ұзақ мерзімдер белгіленбесе, тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоя алады. Алайда, егер тұтынушы тауардың кемшіліктері тұтынушыға берілгенге дейін пайда болғанын немесе сол кезге дейін пайда болған себептерден туындағанын дәлелдесе, тауардың кемшіліктері үшін сатушы (дайындаушы) жауапты болады.     Сатушыға (дайындаушыға) тауарды дұрыс пайдаланғаныңызды және тауардың  кемшілектері зауыттық ақаулардың салдары екенін дәлелдеуге мәжбүр болатын жағдайға тап болмас үшін, Сізге сатушыдан кепілдік мерзімі туралы ақпаратты және тұрмыстық техниканың кепілдік талонын дұрыс толтыруды талап етуді ұсынамыз.

Сатып алушының өтiнуi бойынша тауар туралы, сондай-ақ кепiлдi мiндеттемелері туралы қажеттi ақпаратты бермеу үшін сатушы (дайындаушы) әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескеріңіз», - хабарлайды ҚР СИМ ТҚҚК Солтүстік Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы, Мияшева Лазым.

 

Азаматтардың назарына:

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттің 8(7152) 53-42-32 «жедел желі»  телефоны арқылы хабарласуға болады. Сондай-ақ, электронды және жазбаша өтініштерді Департаменттің мекенжайына «e-tutynushy - https://e-tutynushy.kz/» бірыңғай ақпараттық жүйесі, e-Gov.kz «е-otinish»  ақпараттық жүйесі, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ арқылы немесе қолма-қол жолдауға болады.  

Департамент қызметкерлері азаматтарды қабылдауды Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Парковая көшесі, 57-В үй, 309-310а кабинет мекенжай бойынша жүргізеді.