QR-КОД: ОНЫ ӘРҚАШАН ПАЙДАЛАНУ МҮМКІН БЕ?

QR-КОД: ОНЫ ӘРҚАШАН ПАЙДАЛАНУ МҮМКІН БЕ?

Коронавирус пандемиясы халық өмірінің барлық салаларына, соның ішінде өзара есеп айырысу саласына да түзетулер енгізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ақшаның коронавирустық инфекцияның тасымалдаушысы болуы мүмкін екендігі туралы мәлімдеме жасап, планетаның барлық тұрғындарына мүмкіндігінше қолма-қол ақшаны пайдалануды азайтып, қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшуді ұсынды.

Бүгінде көпшілігіміз қызметтер мен тауарлар үшін қолма-қол ақшасыз төлеуді жөн көреміз. Егер бұрын қолма-қол ақшасыз төлемдер төлем карточкалар мен POS-терминалдар арқылы қабылданса, қазір лездік  төлем жүйесі арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың тағы бір тәсілі кеңінен қолданылуда. Сатып алуды графикалық QR-кодын пайдаланып төлеу үшін тұтынушыда банктің мобильді қосымшасы орнатылған смартфон болса болғаны. Бірақ бұл төлем тәсілдері әрқашан мүмкін бе?

Солтүстік Қазақстан облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бір азаматтан сатушының әрекетінің заңдылығына баға беруді сұраған өтініш келіп түсті. Тұтынушы дүкенге келгенде өзімен бірге банк карточкасын да, ақшасы бар әмиянды да алмаған жағдайға тап болды. Витринадан бір бөтелке минералды суды алып, азамат өз смартфонын пайдаланып, QR-коды арқылы сатып алу ақысын төлеуге шешім қабылдады. Алайда сатушы тауарды сатудан бас тартты, өйткені бұл сауда объектісінде қолма-қол ақшасыз төлемді мұндай тәсілмен қабылдау қарастырылмаған. Бұл ретте сатушы тауардың құнын төлеу қолма-қол ақшамен жүзеге асырылатынын, ал қолма-қол ақшасыз есеп айырысу тек төлем карточкалары арқылы жүзеге асырылатынын түсіндірді.

Әрқайсымыз осындай жағдайға тап болуымыз мүмкін. Бұл жағдайда тұтынушылардың құқығы бұзылды ма? Сатушының тауарды сату шартын жасасудан бас тартуы заңды ма?

Келіп түскен өтінішті қарау барысында департаментінің басшысы Л.Ы. Мияшева «кез келген тауарды дүкеннен немесе супермаркеттен сатып алған кезде тұтынушы мен сатушы арасында сатып алу-сату шарты жасалады, ал бұл ретте тұтынушы тауарды сатып алу шартын еркін жасасуға құқығы бар» екенін түсіндірді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) 445-бабына сәйкес тауар сату жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын сатушы бөлшектеп сатып алу-сату шарты бойынша сатып алушыға кәсiпкерлiк қызметке байланысты емес, әдетте жеке өзiне, отбасында, үйiнде немесе өзге де пайдалануға арналған тауарларды беруге мiндеттенедi. Бөлшектеп сатып алу-сату шарты жария болып табылады

ҚР АҚ 387-бабының нормасы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғамен жасалған және мұндай тұлға өз қызметiнiң сипатына қарай оған жүгінетін әркiмге қатысты жүзеге асырылуға тиіс тауарларды сату жөнiндегi оның мiндеттемелерiн белгiлейтiн шарт  бөлшек сауданың жария шарт деп танылатынын белгілейді. Тұтынушыға тиiстi тауарлар ұсыну мүмкiндігі бола тұра кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаның жария шарт жасасудан бас тартуына жол берiлмейдi. Яғни, сатушының тұтынушыға сатылымдағы кез келген тауарды сатудан бас тартуға құқығы жоқ. Егер сатушы сатып алу-сату шартын жасасудан негізсіз жалтарса, тұтынушы оны шарт жасасуға мәжбүрлеу және шарт жасасудан бас тарту салдарынан келтірілген залалды өтеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес тауардың бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарына қойылған, көрсетілген құнына сәйкес сатушы сатуға міндетті, ал тұтынушы сатып алуға құқылы.

Әдетте, біз күнделікті пайдаланатын тауарларды (мысалы, нан, сүт, шұжық, бөтелкедегі су, сіріңке, жеке гигиеналық заттар және т.б.) сатып алғанда, сатып алушы тауарларды оған берілгеннен кейін,  яғни сатып алу-сату шартын жасау кезінде, олардың құнын кешіктірмей төлеуге міндетті.

Қазақстан Республикасында төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ төлем жүйелерінің және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының жұмыс істеу барысында туындайтын қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының нормаларымен реттеледі.

Осы Заңның 25-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер және (немесе) ақша аударымдары қолма-қол ақшаны пайдалана отырып та, сондай-ақ оларды пайдаланбастан (қолма-қол ақшасыз төлемдер) жүзеге асырылады.

Ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде болатындарды қоспағанда, дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде өз қызметін жүзеге асыратын орындарда төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) орнатуды және қолдануды және (немесе) лездік төлемдер жүйесін пайдалана отырып, төлемдер қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті. 

Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға және (немесе) лездік төлемдер жүйесін пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолдану тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 шілдедегі № 457 Қаулысымен бекітілген.  Бұл Тізбесіне, мысалы, көтерме және бөлшек сауда; мейрамхана қызметтерін көрсету, тамақтануды ұйымдастырудың өзге де түрлері мен сусындар беру; әуе және теміржол көлігіне жол жүру құжаттарын (билеттерді), багаж және жүк-багаж түбіртектерін сату; қонақ үйлердің қызмет көрсетуі және т.б. сияқты қызмет түрлері кіреді. 

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Солтүстік Қазақстан филиалы азаматының өтінішін қарау шеңберінде «Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілерінің графикалық QR-кодтың көмегімен жанасусыз төлем тәсілімен төлемдерді жұзеге асыру міндеті, сондай-ақ осындай төлемді қабылдаудан бас тартқаны үшін жауапкершілік қолданыстағы заңнама нормаларының талаптарында көзделмеген, осыған байланысты осы жағдайда өтініш берушінің құқықтарын бұзу анықталмаған» туралы түсініктеме берді.

Солтүстік Қазақстан облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Л.И. Мияшева  түсіндіргендей  «Азаматқа қатысты жағдайда сатушы тауарды сату туралы жария шарт жасасудан бас тартуға құқылы болды, себебі сатушының QR-кодын пайдаланып қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдау мүмкіндігі болмаған. Бұл ретте сатушы қолданыстағы заңнама талаптарын бұзбағанын атап өткен жөн, өйткені дүкенде тауар үшін төлем қолма-қол ақшаны қолдану арқылы жүзеге асырылған  және сауда объектісінде төлем карточкаларын пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) орнатылған.Сонымен бірге, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) аударымдарды қабылдаудан бас тартқаны, сондай-ақ дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болмағаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 194, 195-баптарында  әкімшілік жауапкершілік көзделгенін тұтынушыларға білу керек».   

Азаматтардың назарына:

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттің 8(7152) 53-42-32 «жедел желі»  телефоны арқылы хабарласуға болады. Сондай-ақ, электронды және жазбаша өтініштерді Департаменттің мекенжайына e-tutynushy  (https://e-tutynushy.kz/main) бірыңғай ақпараттық жүйесі, e-Gov.kz «е-otinish»  ақпараттық жүйесі, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ арқылы немесе қолма-қол жолдауға болады.  

Департамент қызметкерлері азаматтарды қабылдауды Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Парковая көшесі, 57-В үй, 309-310а кабинет мекенжай бойынша жүргізеді.