Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен талқыланды

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен талқыланды

2026 жылғы 5 ақпанда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қызметін жүзеге асыратын қоғамдық ұйымдардың қатысуымен кеңес өтті. Кеңес Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің вице-министрі Әсет Нусіповтың және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновтың төрағалығымен өткізілді.

Кеңес барысында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Б.А. Танабергеновтің баяндамасы тыңдалып, онда Қазақстан Республикасындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласының қазіргі жай-күйін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер ұсынылды.

Баяндама аясында тұтыну нарығындағы ең өзекті проблемалы секторлар бойынша, оның ішінде бөлшек және электрондық сауда, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларындағы қызмет көрсету саласы бойынша талдамалық ақпарат берілді.

Кеңеске қатысушылар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының қаралу барысын, оның негізгі жаңашылдықтарын, сондай-ақ парламенттік және қоғамдық талқылау шеңберінде келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді талқылады.

Кеңес барысында қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелеріне, дауларды сотқа дейінгі тәртіпте реттеу тетіктерін дамытуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру шараларына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов қатысушыларды заң жобасының ағымдағы мәртебесі, оның негізгі ережелері, сондай-ақ парламенттік және қоғамдық талқылау барысында түскен ұсыныстар мен ескертулер туралы хабардар етті.

Өз сөзінде ол заң жобасын талқылауға белсенді қатысқандары үшін сондай-ақ, ұстанған принципті ұстанымы және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіруге бағытталған тәжірибеге негізделген бастамалары үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық ұйымдарға алғыс білдірді.

Жұмыс тобының жетекшісі тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесіндегі артық көпсатылылықты жоюды көздейтін заңнамалық бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер рәсімдерді оңтайландыруға және тұтынушыларға құқықтарын қорғаудың ең тиімді тетіктерін — сотқа дейінгі реттеуден бастап сот органдарына жүгінуге дейін — еркін таңдауға мүмкіндік беруге бағытталған.

Сондай-ақ заң жобасының басым бағыттарының бірі ретінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінде қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейту қажеттігі атап өтілді. Заң жобасында олардың өкілеттіктерін кеңейту, сондай-ақ тұрақты материалдық ынталандыру тетіктерін қалыптастыру көзделген, бұл қоғамдық бірлестіктердің кәсіби деңгейін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Іс-шара қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға және тұтыну нарығында адал іскерлік тәжірибені қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жүйелі бірлескен жұмысын жалғастыру қажеттілігі расталды.