
Бүгін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының басшылығымен Zoom платформасы арқылы бейнеконференция форматында аумақтық департаменттердің басшыларымен кеңес өтті. Кеңес ағымдағы жылдың 9 айындағы қызмет нәтижелерін талқылауға арналды.
Кеңес барысында Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің есепті кезеңдегі жұмысының нәтижелері қаралып, қызметтің негізгі бағыттары – азаматтардың өтініштерін қарау, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, талап-арыздық іс жүргізу және «Сапалы Өнім» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Комитет пен оның аумақтық департаменттеріне азаматтардан 60 324 өтініш келіп түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,6%-ға көп.
Шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда, электрондық коммерция, тұрмыстық қызметтер және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына тиесілі.
Өтініштерді қарау нәтижесінде:
тұтынушылардың талаптары 36,5% жағдайда қанағаттандырылды;
33,5% жағдайда құқықтық көмек көрсетілді;
22,9% өтініш уәкілетті мемлекеттік органдарға құзыреті бойынша жолданды.
Мемлекеттік бақылау шеңберінде аумақтық департаменттер 976 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізді.
Бақылау іс-шараларының нәтижесі бойынша 924 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы айыппұл сомасы 20,9 млн теңгені құрады.
Кеңес барысында талап-арыздық жұмысқа, яғни тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігі ретінде, ерекше назар аударылды.
Есепті кезең қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтары 1,9 млрд теңге сомаға қорғалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41%-ға жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар, «Сапалы Өнім» жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде 573 түрлі өнім тексеріліп, оның 328 түрі (57%) белгіленген талаптарға сәйкес келмегені анықталды.
Анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аумақтық департаменттердің қызмет тиімділігіне жүргізілген рейтингтік бағалау нәтижесінде:
Павлодар облысы – азаматтардың өтініштерін сапалы қарау және мемлекеттік бақылау бағыттары бойынша тұрақты оң серпін мен жоғары нәтижелер көрсетті;
Алматы қаласы – алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда елеулі өсім байқатып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және талап-арыздық жұмыс бойынша белсенділік танытты;
Жетісу облысы – «Сапалы Өнім» жобасы аясындағы тиімді жұмысы арқасында көшбасшылар үштігін сақтап қалды.
Сонымен қатар, төмен көрсеткіштер Алматы, Атырау және Қарағанды облыстарының аумақтық департаменттерінде тіркелді.
Негізгі мәселелер атқарушылық тәртіптің әлсіздігімен, талап-арыздық және түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігімен, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылдың төмен деңгейімен байланысты.
Комитет тарапынан артта қалған аумақтық бөлімшелердің жұмыс тиімділігін арттыру, талдамалық және профилактикалық бағыттарды күшейту, сондай-ақ тұтынушылардың өтініштерін сапалы әрі уақтылы қарауды қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.
Кеңес қорытындысында Комитет төрағасы аумақтық департаменттердің жұмысындағы оң серпінді атап өтіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылды нығайту және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Комитет тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың өз құқықтарына деген сенімін нығайту бағытында жүйелі әрі дәйекті жұмысты жалғастырады.