Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің 2025 жылдың 9 айындағы қызметінің қорытындылары

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің 2025 жылдың 9 айындағы қызметінің қорытындылары

Жалпы нәтижелер

Есепті кезеңде (2025 жылдың 9 айында) Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне және оның аумақтық департаменттеріне 60 324 өтініш түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,6%-ға артық (2024 жылы – 42 907 өтініш).
Жүргізілген шаралардың нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары 1,923 млн теңге көлемінде қорғалды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (1,364 млн теңге) 40,9%-ға жоғары.

Өтініштерді қарау құрылымы

Түскен өтініштердің жалпы саны бойынша:

  • 22 031 (36,5%) – қанағаттандырылды;

  • 20 226 (33,5%) – түсіндірме берілді;

  •   13 810 (22,9%) – құзыретті органдарға жолданды;

Өтініштерге салалық талдау

Талдау нәтижелері бойынша ең көп өтініш бөлшек және электрондық сауда, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету салаларына тиесілі.

Бөлшек сауда – 25 262 өтініш (41,9%).
Өткен жылмен салыстырғанда өсім 141,6% (2024 жылы – 17 837 өтініш).
Негізгі шағымдар тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, сапасыз тауарлар үшін ақшаны қайтармау және шарт талаптарының бұзылуына қатысты болды.

Электрондық сауда – 14 056 өтініш (23,3%), өсім 148,4% (2024 жылы – 9 473 өтініш).
Шағымдар негізінен тауар мен сатушы туралы шынайы ақпараттың болмауы, өнім сипаттамасына сай келмеуі және интернет-дүкендердің тауар мен ақшаны қайтарудан бас тартуына қатысты болды.
Көптеген өтініштер Wildberries, Ozon, Kaspi Магазин маркетплейстеріне байланысты түсті.

Тұрмыстық қызметтер – 4 526 өтініш (7,5%), өсім 133,7% (2024 жылы – 3 384 өтініш).
Шағымдар көбінесе қызметтің сапасыз немесе кеш көрсетілуі, жөндеу мерзімдерінің бұзылуы және шарт талаптарының орындалмауына қатысты болды.

Басқа салалар (білім беру, медицина, көлік, туризм және қаржы) – 5 960 өтініш (9,9%).
Шағымдардың басым бөлігі қызмет сапасына, ақшаны қайтарудан бас тартуға және ұйымдар тарапынан жеткіліксіз немесе жаңсақ ақпарат беруге қатысты болды.

Бақылау-қадағалау қызметі

2025 жылдың 9 айында комитеттің аумақтық департаменттері 947 тексеріс жүргізді, оның ішінде 29-ы – профилактикалық бақылау форматында.
Нәтижесінде 600 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл сомасы 20,9 млн теңгені құрады, сондай-ақ 324 субъектке ескерту берілді.

Талап-арыз жұмысы

2025 жылдың басынан бері 120 сот талабы қозғалды, олардың жалпы сомасы 31,2 млн теңгені құрайды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға ақшалай қаражат қайтарылып, тауарлар алмастырылды немесе айырбасталды.

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің жыл сайынғы отырысы өтті.
Кеңеске мемлекеттік органдар, әкімдіктер, «Атамекен» ҰКП, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Көтерілген негізгі бағыттар: көлік және авиация, медицина, туризм және электрондық сауда.
Профильдік министрліктерге тарифтік саясатты қайта қарау, қызмет сапасын арттыру және заңнаманы жетілдіру бойынша тапсырмалар берілді.

Кеңес тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау және азаматтардың мемлекет институттарына сенімін арттыру мақсатында ведомстволар арасындағы жүйелі әрі үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Қорытынды

Өтініштер динамикасы азаматтардың құқықтық белсенділігі мен ақпараттану деңгейінің артып келе жатқанын, сондай-ақ тұтынушылардың мемлекеттік қорғау тетіктеріне деген сенімінің нығайғанын көрсетеді.
Өтініштердің негізгі бөлігі бұрынғыдай бөлшек және электрондық сауда салаларына тиесілі (жалпы көлемнің 65%-дан астамы), алайда азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін басқа салалардағы шағымдар да өсуде.