Тұтынушылардың құқығын қорғау жүйелі түрде жалғасуда

Тұтынушылардың құқығын қорғау жүйелі түрде жалғасуда

Қазақстанда сауда, қызмет көрсету және жылжымайтын мүлік салаларында азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Соңғы айларда Сауда комитеті және оның аумақтық департаменттері бірқатар резонанстық істер бойынша азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, жалпы сомасы 122 миллион теңгеден астам қаражаттың қайтарылуына ықпал етті.

Ақаулы автокөліктер: тұтынушылар құқығы қорғалды

Еліміздің көптеген өңірлерінде тұтынушылар зауыттық немесе сервистік ақауы бар көліктерді сатып алғаннан кейін өз құқықтарын табысты қорғап шықты:

  • Алматы қаласында азаматтардың құқығы 74 млн теңгеден астам сомаға қалпына келтірілді — сапасыз қызмет көрсету, қозғалтқыштағы ақаулар және сатушылардың жөндеуден бас тарту жағдайлары анықталды.

  • Қызылорда облысы — сот автосалонды тұтынушыға 12,14 млн теңге қайтаруға міндеттеді.

  • Шымкент қаласы — бірнеше өтініш бойынша тұтынушылардың құқығы 32,5 млн теңгеден астам сомаға қорғалды.

  • Батыс Қазақстан облысы — сот тұтынушының талабын қанағаттандырып, 19,62 млн теңге қайтарылды.

  • Ұлытау облысы — сатып алушыға ақаулы автокөліктің орнына құны 9,09 млн теңге болатын жаңа көлік берілді.

  • Қостанай облысы — медиативтік келісім жасалып, тұтынушыға 15,14 млн теңге, оның ішінде моральдық залал үшін өтемақы төленді.

  • Астана қаласы — дау сотқа дейінгі тәртіппен реттеліп, тұтынушыға құны 8,99 млн теңге болатын жаңа автокөлік берілді.

Тұрғын үй мен үлескерлер құқығын қорғау

Алматы мен Шымкент қалаларында департаменттер азаматтарға тұрғын үйге алдын ала төлемді қайтарып, үлескерлердің құқықтарын қорғауға көмектесті.

  • Алматыда азаматқа тапсырылмаған пәтер үшін 7,2 млн теңге қайтарылды.

  • Шымкентте құрылыс компаниясы қаражатты қайтарудан бас тартқаннан кейін тұтынушы 37 млн теңге көлемінде өз ақшасын өндіріп алды.

Қызмет сапасы және фитнес-залдардағы бұзушылықтар

Шымкент пен Павлодар облысында санитариялық талаптарға сай келмейтін фитнес-залдарға қатысты ұжымдық шағымдар қаралды.
Нәтижесінде 10 тұтынушының құқығы қорғалып, жалпы сомасы 750 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Алаяқтық сату мен кредиттік тұзақтар: тұтынушылар өз құқықтарын қорғады

  • Павлодар облысында бес азамат косметикалық өнім сатып алу кезінде келісімінсіз рәсімделген несиелер бойынша 2,63 млн теңге қайтарып алды.

  • Ақтөбе облысында жеті туристке жүзеге аспаған сапарлар үшін 1,2 млн теңге өтелді.

Жаппай істер: жиһаз және коммуналдық қызмет

  • Батыс Қазақстан облысында тапсырыс берген жиһазын ала алмаған 18 тұтынушының құқығы сот арқылы қорғалып, жалпы сома 11,25 млн теңгені құрады.

  • Қостанай облысында «Береке» шағын ауданындағы 2 000-нан астам тұрғынның құқығы қорғалды — департамент ыстық судың берілуін қайта қамтамасыз етті.

Қорытынды

Осылайша, ағымдағы жылдың 9 айында тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қорғау бағытында жүргізілген белсенді жұмыс нәтижесінде азаматтарға тауар айырбастау, ақшалай қаражатты қайтару және сот арқылы оң шешім алу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Жалпы қалпына келтірілген сома 1,9 млрд теңгеден асты.

Әрбір өтініш — бұл жай ғана дау емес, азаматтық абырой мен заңды құқықты қорғау. Мемлекет тұтынушылар мүддесін қорғауды басты назарда ұстай отырып, әділдікке қол жеткізу — мүмкін әрі нақты екенін дәлелдеуде.