Орал қаласының №2 сотына азамат Я. талап арызымен жүгінген. Ол 2024 жылғы 30 мамырда қаладағы автосалондардың бірінен құны 17 840 000 теңге тұратын автокөлік сатып алған.
Алайда небәрі 15 669 шақырым жүргеннен кейін көлік ақаулы болып шыққан. Автокөлік сатушыға қайтарылды. Техникалық себептерін анықтау кешіктірілгендіктен, тұтынушы сатушыдан көліктің жай-күйі туралы ресми ақпарат беруді талап еткен.
Сатушы өз жауабында қозғалтқышта ақау бар екенін мойындап, кепілдік жөндеуді талқылауды ұсынған. Осыған байланысты тұтынушы жазбаша шағым беріп, көлікті ауыстыруды немесе шартты бұзып, төленген ақшаны қайтаруды талап етті.
Сот отырысы барысында көлікке сот-сараптамалық зерттеу жүргізілді. Сарапшылардың қорытындысында: «қозғалтқышта зауыттық ақау болуы мүмкін, ішкі жану қозғалтқышында және салқындату жүйесінде анықталған кемшіліктер жол берілмейтін жағдай» деп көрсетілді.
Сот көліктегі ақауларды техникалық жағынан күрделі тауардың елеулі кемшіліктері деп таныды.
Сот шешімімен:
2024 жылғы 30 мамырдағы сатып алу-сату шартының күші жойылды;
жауапкерден талапкердің пайдасына:
көлік үшін төленген 17 840 000 теңге;
1 784 000 теңге тұрақсыздық айыбы;
сот сараптамасы үшін 112 631 теңге;
сот шығындары ретінде 177 960 теңге;
өкіл қызметіне 500 000 теңге;
мемлекеттік баж ретінде 196 240 теңге өндіріп алынды.
Жауапкер апелляциялық шағым түсіргенімен, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Бұл жағдай тұтынушының белсенді азаматтық ұстанымының үлгісі болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы әділдіктің салтанат құруына көмектесетінінің айқын дәлелі.