2025 жылғы 31 шілдеде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі А.А. Бижанованың төрағалығымен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Ведомствоаралық кеңестің жыл сайынғы отырысы өтті.
Талқылауға салалық министрліктердің, әкімдіктердің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Сандармен сипатталған жағдай: өтініштердің өсуі
Азаматтардың өтініштеріне жүргізілген талдау және Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша тәуелсіз сарапшылар өткізген әлеуметтік зерттеулер бірқатар салада тұтынушылардың өтініштері өскенін көрсетті.
2021 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаменттеріне жалпы саны 21 мың өтініш келіп түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш үш есеге жуық өсіп, 62 мыңға жетті. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана шамамен 37 мың өтініш тіркелген.
Шағымдардың ең көп үлесі келесі салаларға тиесілі:
бөлшек сауда – 41,2%;
электрондық сауда – 26,3%;
тұрмыстық қызметтер – 7,1%;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 5,4%.
Тұтынушылардан ең көп наразылық байқалған қызмет түрлері:
байланыс қызметтері (266%);
туристік қызметтер (247,7%);
медициналық қызметтер (195,4%);
көлік қызметтері (147%).
Тұтынушы дауысы: әлеуметтік зерттеу нәтижелері
10 000-нан астам респондент арасында жүргізілген сауалнама келесі жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады:
64% – теміржол көлігіне, 71% – автокөлікке наразы (қызметкерлер тарапынан дөрекілік, антисанитария, шамадан тыс жүктеме);
52,6% – туризм саласында қиындықтарға тап болған (ақша қайтарудан бас тарту, тұтынушыларды әдейі адастыру);
41% – медициналық қызметтерге қанағаттанбайды (қызмет көрсетулер кәсіби емес, санитарлық нормалардың бұзылуы);
36% – қаржы ұйымдарына шағымданады (қызметтерді мәжбүрлеп көрсету, заңсыз комиссиялар);
30% – интернет-провайдерлердің жұмысына наразы (тарифтердің ескертусіз көтерілуі, нашар байланыс сапасы).
Авиация: тарифтер бақылауда, бірақ реттелмейді
Азаматтық авиация комитеті тарифтердің бәсекеге негізделіп қалыптасатынын және 20-дан астам түрі бар екенін атап өтті: қайтарылатын, қайтарылмайтын, ваучермен, айыппұлмен және т.б. Ішкі нарықта 4 негізгі авиакомпания жұмыс істейтінін де құлақдар етті.Билет құны бағыт пен сатып алу күніне байланысты 30-дан 80 долларға дейін өзгереді. Сонымен қатар, мемлекет 22 әлеуметтік маңызды бағытты субсидиялауды жалғастырып жатқаны еске салынды.
Медицина: цифрландыру мен бақылау — реформалар тоғысында
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарды лицензиялау талаптарын заңнамалық тұрғыда нақтылау қажеттігін атап өтті. Лицензиялардың қолданылу мерзімінің болмауы мемлекеттік бақылау жүргізуде қиындықтар туғызады. 5 жылдық лицензиялар енгізу және барлық медициналық ұйымдарды ақпараттық жүйелер арқылы реттеу ұсынылды. Сондай-ақ шағымдарды қарауда өкілеттіктерді нақты бөлу қажеттілігі айтылды: қызмет сапасы — ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне, ақшалай қаражатты тұтынушыға қайтару мәселелері бойынша— Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жолдау туралы айтылды.
Туризм: стандарттар — сенім құралы ретінде қолдану
Аталған кеңесте туризм саласындағы ұлттық стандарттарды әзірлеу бойынша ұсыныстардың орындалу қорытындылары қаралды. Көптеген стандарттардың ұсынымдық сипатта болуы олардың тиімділігін төмендетеді. Қатысушылар стандарттарды нормативтік актілерге міндетті талаптар ретінде енгізу қажеттігін қолдады. Сонымен қатар, демалыс аймақтарындағы тамақтану ұйымдастыру және санитарлық нормалардың сақталуы мәселелері талқыланды.
Электрондық сауда: сұраныс артуда, реттеу кейін ілесуде
Қазақстанда қарқынды дамып жатқан e-commerce секторы тұтынушылар тарапынан көптеген сұрақ туындатуда. Мәмілелер көлемінің өсуі тауар сапасына, ақшаны қайтаруға және жеткізу мерзіміне байланысты шағымдардың көбеюімен қатар жүруде. Цифрлық үдерістерді одан әрі дамыту және электрондық ортада құқықтарды қорғау механизмдерін заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттілігі атап өтілді. Сауда министрлігіне Digital Kazakhstan Association бірлестігімен бірлесіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасына түзетулерді пысықтау тапсырылды.
Отырыстың қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар: формализмсіз нақты әрекеттер
Ведомствоаралық кеңестің қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді:
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне — жергілікті атқарушы органдармен және депутаттық корпуспен бірлесіп, такси агрегаторлары мен әуе тасымалының тарифтік саясатын және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелерін пысықтау;
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне — медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша тиімді шаралар қабылдау, оның ішінде Бас прокуратурамен, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру, денсаулық сақтау саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік бақылау мен тексеру жүргізу;
Техникалық реттеу және метрология комитетіне — туристік, көлік, такси, автовокзал және сервис қызметтеріне арналған ұлттық стандарттарды әзірлеуді үйлестіруді қамтамасыз ету.
Осы отырыстың нәтижесі бойынша 2025 жылдың соңына дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ахуал туралы жыл сайынғы есеп Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданатын болады.
Отырыс мемлекеттік органдардың, бизнестің және азаматтық қоғамның үйлесімді және жүйелі жұмысы тұтынушылардың құқықтарын нақты қорғау үшін маңызды екенін көрсетті. Қабылданған шешімдер қызметтердің сапасын арттыруға, азаматтардың сенімін нығайтуға және тұтыну нарығындағы әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.