Сапасыз көлік дауы тұтынушының пайдасына шешілді

Сапасыз көлік дауы тұтынушының пайдасына шешілді

Шымкентте тұтынушының жаңа көліктегі ақауға байланысты туындаған дауына нүкте қойылды. Бұл жағдай көлік сатып алған тұтынушының табандылығы мен тиісті мемлекеттік органның араласуының нәтижесінде әділ шешімін тапты.

2025 жылдың мамыр айында Түркістан облысының тұрғыны Шымкент қаласындағы автосалоннан кепілі бар жаңа қытайлық көлік сатып алады. Алайда автокөлікте тізгінделген алғашқы күндерден бастап, трансмиссия мен басқару электроникасы жүйесінде ақаулықтар пайда бола бастайды. Көлік иесі бірнеше мәрте сервистік қызметке жүгінгенімен, мәселе толық шешілмей, қайталанып отырған.

Автосалонға ресми шағым жіберіп, көлікті жаңасына ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды талап еткен тұтынушы нақты жауап ала алмаған соң, Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінеді.

Департамент қызметкерлері ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы аясында тиісті шаралар қабылдап, жағдайды жан-жақты зерделейді. Қорытындысында тұтынушының талабы қанағаттандырылып, оның құқығы толықтай қорғалады.

Бұл оқиға — құқықтық тетіктерді дұрыс қолдана білудің және уақтылы арызданудың тиімді үлгісі. Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарды қандай да бір тауар немесе қызмет сапасына күмән туындаған жағдайда, заңмен белгіленген тәртіппен жүгінуге шақырады.