Абай облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Семей қаласының тұрғынынан өтініш келіп түсті. Өтініш беруші номиналы 20 000 теңгеден екі сыйлық сертификаты бойынша тауар алуға тырысқанымен, сатушы олардың мерзімі өткенін алға тартып, қызмет көрсетуден бас тартқан.
Өтінішті қарау барысында Департамент қызметкерлері кәсіпкерге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ішкі сауда ережелерінің 36-тармағына сәйкес, сатушы ақылы негізде ұсынатын сыйлық сертификаттарының қолданылу мерзімі үш жылға дейін болуы тиіс. Тек тегін таратылатын сертификаттар үшін мерзім мен шарттарды сатушы өзі белгілейді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының тұтынушы құқықтарын шектейтін шарттарды келісімшартқа енгізуге және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға тұтынушыны мәжбүрлеуге жол берілмейтіні туралы нормалары түсіндірілді.
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде тұтынушыға жалпы сомасы 40 000 теңгеге тауар сатып алу мүмкіндігі берілді. Бұл сертификаттардың номиналдық құнына толық сәйкес келеді.
Департамент сауда және қызмет көрсету саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытындағы жұмысын жалғастыруда.