Құрылыс саласындағы резонанс істерден тұтынушыларға 86,4 млн теңге қайтарылды

Құрылыс саласындағы резонанс істерден тұтынушыларға 86,4 млн теңге қайтарылды

2025 жылдың алғашқы бес айында Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұрғын үй сатып алу кезінде тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына байланысты бірқатар резонанстық істерді қарады. Сауда министрлігі 19 азаматтың құрылыс саласындағы құқығын қорғап, 86,4 млн теңгесін кері қайтарды.

Алматы қаласында тұтынушы пәтер сатып алғаннан кейін, қабылдау кезінде сапасына байланысты елеулі кемшіліктер анықталып, төленген қаражатты қайтаруды талап еткен. Кемшіліктер қатарына құрылыс ақаулары, жылу оқшаулау деңгейінің төмендігі, рұқсат етілген шу деңгейінің асып кетуі және тағы басқа жайттар кірді. Департамент тарапынан көрсетілген құқықтық сүйемелдеу нәтижесінде тұтынушыға 25,9 млн теңге қайтарылды.

Шымкент қаласында екі бөлмелі пәтер сатып алған тұтынушы келісімшарт талаптарына сәйкес келмейтін тұрғын үй алған. Сатушы пәтерді ауыстыру немесе төленген соманы қайтару туралы талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Аумақтық департамент тарапынан көрсетілген құқықтық көмек пен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұтынушыға 27 млн теңге қайтарылды.

Қарағанды облысында тұтынушы 45 күн ішінде пәтерді тапсыру туралы міндеттемемен сатып алу-сату шартын жасасқан. Алайда пәтерді тапсыру мерзімі бұзылып, нысан қоныстануға дайын болмаған. Департамент мамандары тұтынушыға сотқа дейінгі шағым әзірлеуге көмектесіп, әрі қарайғы әрекеттер бойынша ұсынымдар беріп, құрылыс салушыға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде тұтынушыға нарықтық құны 33,5 млн теңге болатын пәтер берілді.

Түркістан облысында департаментке бір көпқабатты тұрғын үйдің 16 пәтер иесінен ұжымдық өтініш келіп түсті. Тұрғындар инженерлік желілерді төсеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгеніне және келісімшарт талаптарының орындалмауына шағымданған. Департамент тарапынан құқықтық көмек көрсетіліп, кеңестер берілді, қолданыстағы заңнама нормалары бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Даулар медиация тәртібімен шешіліп, нәтижесінде мердігер ұйым 2025 жылғы 1 тамызға дейін анықталған барлық кемшіліктерді жойып, жұмыстарды тиісті сапада аяқтауға міндеттенді.

Жалпы, 2024–2025 жылдары құрылыс саласындағы осындай жағдайлар бойынша 52 тұтынушының құқығы қорғалды. Қайтарылған талаптардың жалпы сомасы 481,2 млн теңгені құрады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті азаматтардың заңды құқықтарын қорғау және құрылыс нарығы субъектілерінің жауапкершілігін арттыру бағытында барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады.