Тұтынушы өтініші негізінде кәсіпкерге айыппұл салынды

Тұтынушы өтініші негізінде кәсіпкерге айыппұл салынды

Азаматтардың тұтынушылық құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Астана қаласында спорттық үйірмеге қатысу барысында туындаған тұтынушылық дау осыған айқын дәлел бола алады. Тұтынушы пайдаланылмаған қызмет үшін төлеген ақшаны қайтаруды талап етіп, нәтижесінде оның талабы уәкілетті орган тарапынан қолдау тапты.

Оқиға былай басталды: тұтынушы спорттық үйірмеге толық ақысын алдын ала төлегенімен, баласының сабақ кестесіне байланысты үйірмеге толық қатысу мүмкін болмаған. Осыған байланысты тұтынушы қызмет көрсетушіден пайдаланылмаған сабақтардың ақысын – жалпы төлемнің едәуір бөлігін – қайтаруды сұраған.

Алайда кәсіпкер тұтынушының алғашқы өтініштеріне «ақша қайтарылмайды» деген ережеге сүйеніп бас тартқан. Қызмет көрсетушінің мұндай әрекеті тұтынушының заңды құқықтарын шектеді. Осы жағдайдан кейін тұтынушы Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, оның өтініші негізінде жоспардан тыс тексеру басталды.

Тексеру нәтижесі көрсеткендей, кәсіпкер тұтынушының жазбаша (сотқа дейінгі) наразылық хатына заңда белгіленген 10 күнтізбелік күн ішінде жауап бермеген. Бұл — Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 42-4-бабының талаптарын бұзу болып табылады.

Аталған құқықбұзушылық дерегі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, кәсіпкерге 10 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 38 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Айыппұл — бұл тұтынушының өтінішін елемеудің салдары ғана емес, сондай-ақ заңды міндеттерді орындамағаны үшін нақты жауапкершілік шарасы. Бұл іс өзге кәсіпкерлерге де сабақ болуы тиіс.

Аумақтық департаменттер тұтынушылардың шағымдарын назардан тыс қалдырмай, заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге қатысты нақты шаралар қолданатынын тағы бір рет көрсетті.