Бүгінде электронды сауда қарқынды дамып келеді. Халықаралық сарапшылардың болжамына сенсек, келер жылы электронды коммерцияның әлемдік нарығы 3 трлн долларға дейін жетуі мүмкін екен. Бұл дегеніңіз, еларалық тауар айналымының жаңа бағытқа ауысқанын білдіретіндей. Қазірдің өзінде басқа елдерге қарағанда Еуропа мен Қытай, АҚШ пен Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде бұл сауданың үлесі әлдеқайда басым. Ал Қазақстандағы ахуал қай деңгейде? Онлайн сауданың отандық экономикаға әсері қандай? Осы сауалдарға жауап алу үшін алдымен онлайн сауда деген ұғымның аражігін ажыратып, даму қалпын бағамдаған жөн секілді.
Жалпы өткен ғасырдың соңында мұндай сауданың түрі әлемде кең таралмағанын жақсы білеміз. Адам өзіне керегін дүкенге немесе ашық базарлардан барып сатып алатын. Қазір өзіңізге қажет дүниені үйден шықпай-ақ жарты сағатта тапсырыс беріп, есігіңізге дейін алдыртуға мүмкіндік жасалған. Міне, бүгінгі онлайн сауда негізгі қызметі мен принципі де осыған саяды. Мұны нарықтың шексіз мүмкіндігі, тұрмысты жеңілдетуге жасаған ғаламтордың ең үлкен ықпалы десек, артық емес. Себебі дәстүрлі сауда жолының интернет дүкенге ауысуы – бүгінгі уақыт пен қоғам талабы. Қазақстан да аталған сауда ағымына ілесіп, интернет сауданың дамуына жол ашты. Мысалы, өткен жылы еліміздегі электронды сауда нарығының көлемі 596 млрд теңгеге жеткен.
Қақпанға түсу қапелімде
Жоғарыда айтқанымыздай, интернет дүкендер дәстүрлі емес сауда жүйесіне жатады. Бір ерекшелігі, ондағы тауарды көзбен көргенмен, қолмен ұстай алмайсыз. Тиімсіз тұсы да осында. Алар киім-кешектің нақты өлшемі көрсетілгендей болмауы, ал зат сапасының уәде етілген деңгейде болмауы ықтимал, яғни, алатын тауардың сапасына толықтай көз жеткізе алмайсыз деген сөз. Ол аз болғандай, сатушыны көрмей тұрып, онлайн түрде бір мәмілеге келу де біраз сенімсіздік тудырады. Міне, осы және өзге қиындықтар интернет дүкенді қолжетімді сауда жолы ғана емес, алаяқтың арбауына түсер алаңға айналдырып отыр.
Жалпы онлайн сауданың негізгі бөлігін киім-кешек, ойыншық, тұрмыстық заттар құрайтыны мәлім. Әлгіндегідей, тапсырыс берген заттың сапасы нашар болып келуі, киімнің нақты өлшемі не түсі интернетте көргеніңіздей бір-біріне сәйкес келмесе, даулауға дайын болуыңыз қажет. Кейбір сауда дүкендерінде сатылған тауарды қайтарып алу функциясы қарастырылмайтыны тағы бар. Негізінде «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңда тауарды 15 күннің ішінде кері қайтаруға болатыны көрсетілген. Алайда интернет дүкендерде бұл заң көбіне сақтала бермейді. Сақталса да, ұзақ дауласу мен уақыт шығындап қана жеңіске жетуге болады. Олқылық та осыдан шығады.
Толығырақ:
https://syrboyi.kz/akparat/daestuerli-sawdadan-internet-duekenge-133723/