Қазақстан мен Қытай арасындағы техникалық диалогты нығайту: аккредитация, стандарттар, сәйкестендіру

Қазақстан мен Қытай арасындағы техникалық диалогты нығайту: аккредитация, стандарттар, сәйкестендіру

2025 жылғы 21–23 сәуір аралығында Қазақстан Республикасының делегациясы Қытай Халық Республикасының мемлекеттік органдарымен – ҚХР Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы (SAMR), ҚХР Бас кеден басқармасы (GACC) – келіссөздер жүргізді. Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК, «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК өкілдері кірді, сондай-ақ келіссөздер Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігіндегі Сауда өкілінің қолдауымен өтті.

Кездесулер қорытындысы бойынша екіжақты Меморандумдарда көзделген ережелерді іске асыру жөніндегі келесі шаралар мен нақты қадамдар бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Аталған құжаттар ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары аясында қол қойылған болатын:

  • Сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы (SAMR) арасында;
  • Өзара жеткізілетін тауарлардың бақылауы мен қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы (GACC) арасында.

Бұдан бөлек, 2025 жылғы 22 сәуірде Қытайдың Ұлттық аккредиттеу органымен (CNAS) кездесу өтті, сондай-ақ ҚХР-дың мемлекеттік сынақ зертханаларына барды.

Келіссөздер барысында CNAS пен ҰАО арасындағы қолданыстағы өзара түсіністік туралы меморандумды өзектендіру және ынтымақтастықтың маңызды бағыттары талқыланды. Аталған құжатқа алдағы уақытта өтетін Азия-Тынық мұхиты аймағының аккредиттеу бойынша ынтымақтастық ұйымының (APAC) Бас ассамблеясы аясында қол қою жоспарланған.

Тараптар саудадағы техникалық кедергілерді жою, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы аясындағы өзара іс-қимылды тереңдету мәселелеріне ерекше назар аударды. Өткізілген кездесулер тараптар арасындағы сенімді нығайтуға, сәйкестікті бағалау мен аккредиттеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өзара сауданы кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүдделілікті растады