ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Абай облысы бойынша департаменті Абай облысының кәсіпкерлер палатасында СТ KZ ішкі айналымы үшін тауардың шығу тегі туралы сертификат берудің заңдылығына тексеру жүргізді.
Тексеру елішілік құндылық үлесін есептеуде және технологиялық процестерде сәйкессіздіктерді көрсетті. Сертификат үйкеліс бекітпесі бар анкерге және арматура шыбықтарынан дәнекерленген жақтауға берілді, бірақ тексеру барысында тауардың шығу тегін растайтын құжаттарда сәйкессіздіктер анықталды.
Сертификат беруге арналған негізгі құжат болып табылатын сараптама актісінде қосымша шикізатты қажет ететін технологиялық процесс көрсетілген, бірақ ұсынылған материалдарда бұл шикізат болмаған. Сондай-ақ, тауардың елішілік құндылығының үлесін есептеу кезінде бұзушылықтар және қайта өңдеу критерийі бойынша қажетті құжаттаманың жоқтығы анықталды.
Осы бұзушылықтардың негізінде Абай облысының кәсіпкерлер палатасы ҚР ӘҚБтК-нің 417-бабы бойынша сенімсіз деректері бар сертификат бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. "СТ-KZ" сертификаты жойылып, палатаға салынған айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді.