Қазақстанда зергерлік бұйым өткізушілерінің 80%-ы заңнаманы сақтамайды

Қазақстанда зергерлік бұйым өткізушілерінің 80%-ы заңнаманы сақтамайды

Өткен жылы Сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бүкіл Қазақстан Республикасы бойынша 2365 зергерлік бұйым өткізушісін қамтыған мемлекеттік бақылау іс-шарасын өткізді. Бұл тексерулер Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес жүргізілді және олар өткізу орнына бармай сырттай орындалды.

Бақылаудан өте алаңдатарлық нәтижелер алынды: 2365 бақылау субъектісінің 80%-дан астамы, атап айтқанда 1921 кәсіпорын сараптау, талдау және «Барыс басы» символының бейнесін білдіретін қазақстандық сынамалық таңба басу міндетті рәсімдерінен өтпеген. Бұл нарықтағы зергерлік бұйымдардың сапасы мен түпнұсқалығын бақылау саласындағы күрделі мәселелерді анықтап, көрсетеді.

«Шын мәнінде, қазақстандық таңбаның болмауы біздің нарықтағы алтын, күміс, платина және басқа да бұйымдардың мәлімделген сынамаларына күмән келтіреді. Мысалы, қазақстандықтар 585 сынамасы бар алтын сақинаны құрамында 58,5 % таза алтын бар деген үмітпен сатып алады, бірақ олар іс жүзінде артық ақша төлеп, құрамында алтын әлдеқайда аз бұйымды алады, көбінесе алтын бұйымнан ажаратылуы қиын алтын жалатылған әшекейлерді алтын бұйымдардың орнына сатады, осылайша қазақстандықтардың құқықтары бұзылып отыр. Осыған байланысты, «нарықты ақтау» бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылуда», - деп атап өтті ҚР СИМ ТРМК төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Нарықты реттеу тетіктерінің бірі а.ж. 1 шілдесінен бастап енгізуге жоспарланған зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалау болып табылады. Міндетті таңбалауды енгізу арқылы елімізде әрбір өткізілетін зергерлік бұйымға тағылған арнайы биркадан тауар туралы мол ақпаратты – бұйымның тауарлық белгісін, мекенжайын, атауын, артикулын, сынамасын, салмағын, өлшемдерін, салынған тастары туралы ақпаратты «оқуға» болады және, ең бастысы, сараптама актілерін цифрландыру және оларды цифрлық таңбалаумен байланыстыру жоспарда бар.

Анықталған проблемаларды ескере отырып, ҚР Зергерлер лигасының басшысы Қайсар Жұмағалиев жазалау шараларын қатаңдатуды, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынды.

«Таңбалауды енгізу нарықты «ақтауға» мүмкіндік береді, бірақ адал зергерлер сынамалау кезінде орын алған жағдай бұл жерде де болуы мүмкін деп қорқады. ТРМК талдауына сүйенсек, 80%-ы сынама жасамағаны байқалады. Осы 80%-ы өз бұйымдарын таңбаламайды да. Егер мұндай бұйымдарды мемлекет кірісіне тәркілеу түріндегі әкімшілік жауапкершілік күшейтілмесе, онда таңбалау да осындай жағдайға тап болады, сондықтан да қабылданып жатқан шаралармен қатар бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылықты енгізуді ұсынамыз», - деп баса назар аудара айтты ҚР Зергерлер лигасының басшысы Қайсар Жұмағалиев.