Аяқ киімді импорттаушылар үшін қоймаларда қалған тауарларды таңбалау мерзімі 2024 жылғы 1 ақпанға дейін ұзартылды

Аяқ киімді импорттаушылар үшін қоймаларда қалған тауарларды таңбалау мерзімі 2024 жылғы 1 ақпанға дейін ұзартылды

Мұндай шешім 2023 жылғы 24 қазанда Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен тауарларды таңбалау жүйесі және қадағалау мәселелері жөніндегі кеңесте қабылданды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда жануарлар терісінен жасалған бұйымдар, темекі бұйымдары, аяқ киім және дәрі-дәрмек сияқты 4 тауарлар тобы бойынша міндетті таңбалау туралы шешім қабылданды. Зергерлік бұйымдарды таңбалау пилоттық режимде жүзеге асырылуда.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінде аяқ киім тауарлары айналымының 96%-ы – импортттық, 4%-ы ғана – отандық өнім. Ішкі нарықтың дамуына аяқ киімнің көлеңкелі айналымы айтарлықтай кедергі болып тұр. Таңбалау енгізілгеннен кейін аяқ киім нарығы айтарлықтай тазарды.

«Аяқ киім өнімдерін цифрлық таңбалауды енгізу нәтижесінде аяқ киімнің ресми импорты 36%-ға өсті (2022 жылғы 7 айдағы 26,1 млн жұптан 2023 жылғы 7 айдағы 35,6 млн жұпқа дейін). Аяқ киім өндірісі 20%-ға өсті (2021 жылғы 1,5 млн жұптан 2022 жылғы 1,8 млн жұпқа дейін). Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен таңбалау кодтарын өзара тану процесі басталды, бұл аталған елдерден әкелінетін аяқ киімдерді таңбаламауға мүмкіндік береді», – деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Динара Щеглова.

Цифрлық таңбалаудың басты артықшылығы – ол әр аяқ киімді белгілеп, адами факторсыз тауарды жеткізу тізбегін қадағалауға мүмкіндік береді. 2023 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша ақпарат жүйесінде 3,2 мың қатысушы тіркеліп, 78,3 млн-нан астам таңбалау коды берілді, 12,1 мың таңбалау коды айналымнан алынды.

Аяқ киіммен айналысатын ірі көтерме саудагерлердің басты мәселесі – қоймаларда, әсіресе Астана, Алматы, Шымкент қалаларының көтерме және бөлшек сауда базарларындағы таңбаланбай қалған аяқ киімдер. Кәсіпорын тауарларды таңбалауға дайын, бірақ бұл біраз уақытты қажет етеді. Осыған байланысты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аяқ киім қалдықтарын таңбалау мерзімін 2023 жылғы 1 қарашадан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту бойынша жұмысты бастады. Импорттаушылардың өтініштерін ескере отырып, кеңесте таңбалау мерзімін 2024 жылғы 1 ақпанға дейін тағы бір айға ұзарту туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ аталған күнге дейін аяқ киімді импорттаушының өз қоймаларында таңбалау мүмкіндігі ұзартылды.

«Қазір біз Алматы және Шымкент қалаларындағы көтерме қоймаларда таңбалау пунктілерін құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, бұл Қазақстанға аяқ киім әкелетін екі үлкен пункт. Базар әкімшілігі көтерме сауда қоймаларындағы аяқ киім қалдықтарына кодтар енгізуге көмектесуге, бұл үшін орын беріп, қызмет көрсетуге дайын. Сондай-ақ қалдықтарды таңбалау процесі тұрақты болып кетпес үшін импорттаушылар жаңа маусымда тек таңбаланған аяқ киімдер әкелінетіні туралы міндеттемелерді қабылдауы қажет. Бұл аяқ киімнің бағасына іс жүзінде ешқандай әсер етпейді. Мысалы, Қазақстан нарығына аяқ киім экспорттайтын қытайлық “Beijing Vitcony” компаниясы аяқ киімді таңбалау қызметін тегін, тауар бағасына қоспай-ақ, ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Олар қазірдің өзінде Ресейден импорттаушылар үшін осылай істеп жатыр. 300-ден астам қытайлық жеткізушісі бар жүк тасымалдаушылар Ресейге аяқ киім экспорттайды, олар тауарларды өздерінің өндірісінде таңбалайды. Бұл компаниялар Қазақстан үшін де дәл осындай қызметті көрсете алады. Негізгі аяқ киім жеткізушілері саналатын Өзбекстан мен Түркия өндірушілері өндіріс орындарында тауарларды бірден таңбалауға дайын. Ресей қазірдің өзінде таңбалап жатыр. Осылайша, арнайы жабдықталған кеден қоймаларының қажеттілігін барынша азайтуға болады, оларды тек қана аяқ киім әуе көлігімен әкелінетін кеден қоймаларында қалдыруға болады. Бұл негізінен Еуропадан келген қымбат аяқ киімдер. Аяқ киім өнімдерінің айналымына қатысушылармен ортақ міндетіміз – аяқ киімдерді 4 ай ішінде, негізінен, кеден қоймаларына кірер алдында таңбалау процестерін құру, ал мұны болдыртпау мүмкін болмаса, кеден қоймаларының иелерімен аяқ киімді таңбалау қызметі бойынша жұмыс істеу», —деді «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС бас директоры Бикеш Құрманғалиева.

Сонымен қатар кеңесте кеден қоймаларының тауарларды таңбалау үшін орын беруге дайындығы мен ондағы жағдай мәселесі қарастырылды – қоймалардың көбінде жылу жоқ, кейбіреуі электр желілерімен жабдықталмаған және т.б. Мемлекеттік кірістер комитетіне қажетті инфрақұрылым мәселесін шешу тапсырылды.

2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін дәрілік заттарды таңбалауға келетін болсақ, бүгінгі таңда медициналық ұйымдарды қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау басты кедергі болып отыр. Аталған мәселемен Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп айналысатын болады.

«Таңбалауды жалғастыру керек. Аяқ киімді таңбалауда қазірдің өзінде нәтиже бар екенін, өз өндірісіміз өсіп, нарық тазарып жатқанын көріп отырмыз. Ол үшін аяқ киімді импорттаушылары, фармацевтикалық нарық және басқа да қатысушыларға осы процестің барлық мүмкіндігі мен шартын барабар түсіндіріп, таңбалауға қажетті құрал-жабдықтардың құны туралы бизнесті нақты хабардар ету қажет. Сонымен бірге таңбалауды қамтамасыз ету үшін қажетті кешенді шешімдерді біріктіретін құрылғыларды фармацевтикалық нарықтың қатысушыларына тегін негізде беру мүмкіндігі бойынша екінші деңгейлі банктермен жұмыс жүргізу қажет», — деді кеңесті қорытындылай келе вице-премьер.