Стандарттар көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге қалай көмектеседі

Стандарттар көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге қалай көмектеседі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекітті.

Төмен көміртекті даму орнықты дамудың қажетті шарты болып табылады және климаттың жаһандық өзгеруінің апатты салдарының алдын алуға бағытталады.

Стратегия Қазақстан экономикасын ESG қағидаттарын тарату, жасыл инвестицияларды ілгерілету және тарту, энергияны үнемдейтін өндіріс, электрлендіру және т.б. сияқты жаһандық климаттық үрдістерге бейімдеу қажеттілігін ескереді.

Айта кетсек, XX ғасырдың ортасынан бастап Қазақстан климаттық өзгерістердің жағымсыз салдарларына тап болды. 1940 жылдан бастап әрбір онжылдықта елдегі орташа жылдық температура 0,28°С жоғарылады. Бұл ретте 10 жыл ішінде орташа жылдық жауын-шашынның 0,2 мм-ден астамға айтарлықтай төмендеуі байқалады.

Стратегияның орта мерзімді мақсаты 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы шығарындылар деңгейімен салыстырғанда 15%-ға қысқарту және экономиканы көміртексіздендіруге халықаралық қолдау алған жағдайда қысқаруды 25%-ға жеткізу болып табылады.

Мақсатқа қол жеткізу барысында тау-кен-металлургия, мұнай-газ, отын - энергетика және агроөнеркәсіптік кешендердегі бизнес-процестерді цифрландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бұл халықаралық стандарттарды ескере отырып, төмен және көміртегісіз технологияларды әзірлеу мен енгізуді масштабтауға мүмкіндік береді.

«Стратегиядағы стандарттар Қазақстандағы көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің негізгі бөліктерінің бірі ретінде айқындалған. Бүгінгі күні көміртегі бейтараптығы мәселелері бойынша 256 халықаралық ISO стандарттары әзірленді, әзірленіп жатқандары да бар. Бұл ретте өткен жылы Қазақстанда ауа сапасы, парниктік газдар шығарындылары және т.б. салалар бойынша 12 ISO стандарты бейімделді», - деді ҚР СИМ ТРМК төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Мысалы, энергетикалық ауысу баламалы және жаңартылатын энергия көздеріне көшуді жүзеге асыру мақсатында экономиканың барлық секторларында озық халықаралық тәсілдер мен стандарттарды енгізумен сүйемелденетін болады. Оларға экологиялық көлік түрлеріне стандарттар, отын мен энергияны тұтынуды азайту, қалдықтарды қайта өңдеу және басқалары жатады.

Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы экономиканы әртараптандыру және оның технологиялық серпілісінің стратегиясы бола отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық саясатын жаңарту кезеңінде жаңа ұзақ мерзімді стратегиялық құжатқа айналуы тиіс.