Цементке қойылатын талаптар

Цементке қойылатын талаптар

Цемент негізгі құрылыс материалдарының бірі болып табылады. Сондықтан цемент, жоғары сұранысқа ие басқа тауарлар сияқты, көбінесе жалған нысанға айналады.

Цемент бұл қара сұр түсті жасанды бейорганикалық гидравликалық байланыстырғыш, ол сумен және басқа сұйықтықтармен әрекеттескенде пластикалық масса құрайды, содан кейін ол қатайып, тас тәрізді денеге айналады. Ол негізінен бетон мен құрылыс ерітінділерін жасау үшін қолданылады.

Цемент маркасы бұл шартты мән, ол сығымдау кезіндегі беріктік белгіленген маркадан төмен болмайтынын көрсетеді (200, 300, 400, 500, 600). Цемент маркаға қарамастан жоғары беріктікке ие.

Қазақстан Республикасының аумағында цемент нарыққа «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентінің талаптарына, яғни функционалдық жарамдылығына сәйкес болған жағдайда ғана түсуі тиіс.

Цементтің сәйкестігін растауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген сәйкестікті растау жөніндегі органдар жүргізеді.

Сәйкестікті растау кезінде, өнімнің адам өмірі мен денсаулығы, қоршаған ортаны қорғау үшін оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін регламенттердің, нақты стандарттардың міндетті талаптарына сәйкестігі, объектінің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу расталады.

Сәйкестікті растау бір дайындаушының өніміне және цементтің нақты атауына (маркасына, типіне/ түріне, беріктік класына) қатысты жүргізіледі.

Сәйкестікті растау кезінде, өнім сынамаларына сынақтар жүргізу, дайындаушы өндірісінің жай-күйін талдау және сертификатталған өнімді инспекциялық бақылау көзделуге тиіс.

Цемент сынамасын сынау техникалық регламентте талап етілетін қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша және сертификаттау кезінде сәйкестігі расталатын цементтің нақты түріне арналған нормативтік құжатта белгіленген сапаның барлық көрсеткіштері бойынша жүргізілуі тиіс.

Цементтер зиян келтіру тәуекелін бағалау және тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін тұтынушыға арналған ілеспе құжаттамаларымен (пайдалану жөніндегі нұсқаулықтар, сапа паспорты, сәйкестік сертификаты, сәйкестік туралы декларация, техникалық немесе нормативтік құжаттама және басқалар) қамтамасыз етілуге тиіс.

Сатылатын цементтер қауіпсіз, сақтау немесе жарамдылық мерзімі өтіп кетпеген, ыдысы және қорабы бүлінбеген болуы тиіс.

Егер дайындаушыдан, тұтынушыдан немесе мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарынан цементтің белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкессіздігі туралы ақпарат алынған болса, өткізуге (сатуға) жіберілмейді.

Қазақстан Республикасының аумағында сәйкестікті растаудың міндетті рәсімдерінен өтпей және сәйкестікті бағалау туралы құжаттары болмай цементті айналымға шығаруға және өткізуге тыйым салынады.

Сондай-ақ, белгіленген тәртіппен сәйкестік бағалауынан өтпеген цементті жарнамалауға жол берілмейді.

Егер Сізге, жоғарыда көрсетілген талаптардың орындалмағаны белгілі болса (тұтынушыға арналған ақпарат, сапа паспорты, сақтау немесе жарамдылық мерзімі өткен, сәйкестік сертификаттары, салмағының сәйкес келмеуі), онда Сіз Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаменттеріне өтінішпен жүгіне аласыз.

Толық ақпаратты Сіздер, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінен ала аласыздар.

Біздің мекен-жайымыз: Алматы қаласы, Жандосов көшесі, 2 үй. 3 қабат. Байланыс телефоны: 8 (727) 392-15-03, 392-25-37. Электрондық адрес: Е-mail: ktrm_almaty@mail.ru.

 

Алматы қаласының мемлекеттік бақылау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторының орынбасары Құралбек Балтабекұлы Қызғарин