«Е-Өтініш» ақпараттық жүйесінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеу қағидалары

«Е-Өтініш» ақпараттық жүйесінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеу қағидалары

Мемлекеттік органдарға өтініш беру тәртібіне бұрын күші жойылған заңда болмаған жаңа талаптар енгізіліп, атап айтқанда Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI, Қазақстан Республикасының жаңа әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес, ауызша нысанда берілген өтінішті қабылдаған лауазымды адам немесе әкімшілік органның қызметкері жеке хаттамаға енгізеді.

Жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілген жолданымда, хаттамада:

     1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);

      2) жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;

      3) жолданымның мәні;

      4) жолданымның берілген күні;

      5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;

     6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.

Кодексте белгіленген тәртіппен берілген жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады. Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

Жолданым мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға берілген жағдайда арыз иесіне күні мен уақыты, жолданымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні, лауазымы көрсетілген бірегей нөмірі бар талон беріледі.

Жолданым келіп түскен күні тіркеледі. Егер жолданым жұмыс істемейтін күні келіп түскен болса, онда ол жақын уақыттағы кейінгі жұмыс күнімен тіркеледі.

Жолданым осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне жүгіну қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді.

Егер арыз иесі жолданымды әкімшілік орган, лауазымды адам белгілеген мерзімде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келтірмесе, әкімшілік орган, лауазымды адам оны қайтарады. Жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді. Арыз иесі әкімшілік іс бойынша шешім қабылданғанға дейін жолданымды өзінің жазбаша арызы негізінде кері қайтарып ала алады. Арыз иесінің жолданымды кері қайтарып алуы мерзімдер сақталған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, оны қайта жолданым беру құқығынан айырмайды.

Жолданымды қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік органға, лауазымды адамға келіп түскен жолданым, келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімге қатысушыға бір мезгілде хабардар ете (хабарлай) отырып, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданады.

Жолданымда қамтылған бір немесе бірнеше өтінішхатты, талаптарды қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік органға, лауазымды адамға олар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімге қатысушыға бір мезгілде хабардар ете (хабарлай) отырып, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға одан әрі жолданады.

Одан әрі жолданған жолданым немесе оның бөлігі бойынша уәкілетті әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімді қозғайды.

Шағымды қарау мерзімі шағым түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды және 2 айға дейін ұзартылуы мүмкін.

Жолданымдарды, хабарламаларды, хабарламаны, сұрау салуларды, пікірлерді, ұсыныстарды қарау мерзімдері 15 жұмыс күнін құрайды.

Осыған байланысты, өтініш берген кезде аталған кодексті және осы саладағы басқа да НҚА-ны қатаң сақтауға кеңес береміз.

Толық ақпаратты Сіз Қазақстан Республикасы Сауда және Интерация министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінде ала аласыз.

Біздің мекен-жайымыз: Алматы қаласы, Жандосов көшесі, 2. Тел.: 8 (727) 392-15-03 электрондық пошта: ktrm_almaty@mail.ru.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы – Карибжанова М.С.