Ағымдағы жылдың 31 наурызында «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ ынтымақтастық туралы оқу орындарымен жасалған меморандум шеңберінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университетінде техникалық мамандықтарда оқитын 1-ші, 2-ші және 3-ші курс студенттерімен техникалық реттеу, метрология және Еуразиялық экономикалық одақ мәселелері бойынша оқу семинарын өткізді.
Оқу семинарын «ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ басшысы Салтанат Камешева өткізді.
Департамент басшысы стандарттау, сертификаттау, аккредиттеу, Кеден одағының күшіне енген техникалық регламенттері туралы, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 10-шы бөлімі мәселелер бойынша және қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтердiң және процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiнiң құқықтық негiздерiн белгiлейтін Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы № 603 «Техникалық реттеу туралы» Заңының негізгі баптарын түсіндіріп өтті.
Қазіргі уақытта «Стандарттау туралы» және «Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобалары қаралып және талқыланып жатқандығына ерекше тоқталып өтті, сондай-ақ тыңдаушыларға стандарттау, сертификаттау және метрология саласындағы ақпараттық қамтамасыз ету бойынша мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің сайтынан http://www.memst.kz табуға болатындығын айтып кетті.
Қазақстан Республикасының заң жобаларын қабылдау мақсаты бизнес дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау, Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасының дамуында, субъектілер мен мемлекеттің өзара әрекетінің, оның ішінде мемлекеттік реттеудің дамуы мен жетілуінде, стандарттау саласындағы құқықтық реттеудегі бос орындарды және қайшылықтарды жоюда болып табылады.
Дәрістің соңында департамент басшысы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университетінің түлектері Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінде табысты жұмыс атқарып жатқандығын атап өтті.