ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК: «ИНДУСТРИЯ 4.0» НЕГІЗІНДЕ БІРТІНДЕП ӨНЕРКӘСІПТІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ КЕШЕНДІ ШАРАСЫ МЕН ТИІСТІ ТҰЖЫРЫМДАМА ӘЗІРЛЕНЕТІН БОЛАДЫ

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК: «ИНДУСТРИЯ 4.0» НЕГІЗІНДЕ БІРТІНДЕП ӨНЕРКӘСІПТІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ КЕШЕНДІ ШАРАСЫ МЕН ТИІСТІ ТҰЖЫРЫМДАМА ӘЗІРЛЕНЕТІН БОЛАДЫ

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook желісіндегі парақшасында «Индустрия 4.0» технологиялары негізінде біртіндеп өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртудың кешенді шарасы мен тиісті тұжырымдамасы әзірленетіні туралы жазды.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Индустрия 4.0» процесін Қазақстанда дамытуға айрықша назар аударды. Көпшілікке «Индустрия 4.0» ретінде белгілі төртінші өнеркәсіптік революция бүгінде әлемдегі жаһандық экономикалық маңызы бар тенденцияға айналды. «Индустрия 4.0» өнеркәсіп салаларын трансформациялау үшін алдыңғы қатарлы ақпараттық коммуникациялық технологияны кеңінен қолдануға қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмасы мен еліміздегі халықаралық тәжірибеге сәйкес, «Индустрия 4.0» негізінде біртіндеп өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртудың кешенді шарасы мен тиісті тұжырымдама әзірленетін болады. Жалпы, Индустрия 4.0» элементтерін енгізу Қазақстан өнеркәсібіне қолданыстағы жүйені жеңілдетуге көмектеседі», - делінген жазбада.

Министр сондай-ақ жаңа технологиялар электронды форматта деректермен алмасуды ұйымдастыруға және жергілікті жерде аз мөлшермен шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті: «Өндірісті автоматтандыру адам еңбегін алмастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, роботталған дәнекерлеу кешенінің бір операторы тапшылығы ұдайы сезілетін 5-10 білікті дәнекерлеушіні алмастыра алады. Бұл тұрғыда оларды оқытуға жұмсалатын шығын азаяды, сонымен қатар, салаға жастарды тартуда кәсіптің беделі артады».

«BCG» сарапшыларының пікірі бойынша, «Индустрия 4.0» енгізу Германияда өңдеу өнеркәсібінде өнімділік 90 млрд. еуродан 150 млрд. еуроға дейін артқан. Ал, неміс компанияларының қосымша табысы жылына 30 млрд. еуроны құрайды. Сондай-ақ, халықаралық сарапшылардың пікірінше, «Индустрия 4.0» технологиясына көшуге 20 жылға жуық уақыт қажет. Дегенмен, қазірдің өзінде сандық негізге көшу үшін тиісті алғышарттарды жасау керек.

Ж.Қасымбек әлемнің көптеген дамыған елдерінде «Индустрия 4.0» технологиясын енгізудің орташа және ұзақмерзімді бастамалар мен тиісті тұжырымдамалары қабылданғаны туралы да еске түсірді. Мәселен, Германияда «Industrie 4.0», Францияда «Industrie du Futur», Оңтүстік Кореяда «Manufacturing innovation 3.0», Үндістанда «Make in India», Испанияда «Industria Conectada 4.0», Ресейде «Ұлттық технологиялық бастама», Жапонияда «The New Robot Strategy», Италияда «Manifattura Italia», Қытайда «China Manufacturing 2025» және т.б.