Мемлекеттік рәміздер туралы

Мемлекеттік рәміздер туралы

Мемлекеттік рәміздер — біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші кейпін білдіреді.

Мемлекеттік рәміздер-ту, елтаңба және әнұран тәуелсіз мемлекет егемендігі мен бостандықтарының көрінісі болып табылады. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңде төл рәміздеріміз де дүниеге келді. 1992 жылдың 4 маусымында  Елбасы Н.Назарбаевтың қол қоюымен тұңғыш рет еліміздің Туы, Елтаңбасы бекітілді. 1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Арнайы  Жарлыққа сәйкес, 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтетін болдық.

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз белгілерінің бірі болып саналады.

Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздіктің нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға әрқашанда биік мәртебе берілуде, сондықтан да мемлекеттік рәміздерді қастерлеу бәріміздің парызымыз. Олардың түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі конституциялық заңда белгіленген, бұл Мемлекеттік Рәміздерге биік мәртебе береді және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастыруда үлкен орны бар.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 1-бабына өзгеріс енгізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында бейнеленген «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылды. Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Техникалық реттеу және метрология саласындағы Ғылыми-техникалық комиссиясы отырысының 2018 жылғы 12 қыркүйектегі хаттамалық шешімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы.Техникалық талаптар» ұлттық стандартына №1 өзгеріс 2018 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді, осылайша, Мемлекеттік Елтаңбасындағы «ҚАЗАҚСТАН»сөзі латын графикасында «QAZAQSTAN» болып стандарттың барлық мәтіні бойынша енгізілді.

Аталғандардың негізінде, орталық және  жергілікті мемлекеттік органдарда орналастырылған Мемлекеттік Елтаңбаларды «QAZAQSTAN» деген жазуы бар елтаңбаларға жоспарлы түрде ауыстыру үшін дайындалған және орналыстырылған елтаңбаларға 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезеңді белгілеу бөлігінде «Стандарттаудың кейбір мәселелері туралы» ведомстволық бұйрыққа тиісті түзетулер енгізілді.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу — әрбір азаматтың борышы. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы, оның өлшемдеріне қарамастан ұлттық стандарттарға сәйкес келуі қажеттілігін ұмытпайық. 

Рәміздер — мемлекетіміздің негіздерінің бірі. Әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерді аялауға, жанашырлықпен қарауға, құрметтеуге, сонымен қатар жұмыс орнында дұрыс қолдану мен насихаттауға жүктелген жауапкершілікті түсінуі тиіс. Мемлекеттік Тудың түсі өңіп кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын қадағалап, бақылау жұмыстарын жүргізуі қажет.

Ұлттық рухымызды асқақтататын қазақ елінің рәміздерін әрқашан биік ұстайық!

Техникалық реттеу және метрология комитетінің

Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы  А.Әлниязов