Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін алғашқы ұлттық стандарт бекітілді

Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін алғашқы ұлттық стандарт бекітілді

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 17 шілдедегі № 30-НҚ бұйрығымен «Бейнебақылау жүйелері. Бейнекамералардың түрлері мен орналастырылуына қойылатын талаптар» СТ РК 4031-2026 ұлттық стандарты бекітілді.

Стандарт 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес әзірленді. Стандартты әзірлеуге өтінім беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті болды. Стандарт 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

СТ РК 4031-2026 ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және реконструкциялау кезінде қолданылатын бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін алғашқы ұлттық стандарт. Құжат бейнекамераларды таңдау, орналастыру және пайдалану талаптарын біріздендіруге, сондай-ақ жабдықтардың өзара үйлесімділігін арттыруға бағытталған.

Стандарт жобалау, салу және реконструкциялау кезінде көзделетін, кейіннен цифрлық мониторинг жүйелеріне қосылуы мүмкін бейнекамералар мен бейнебақылау жүйелеріне қолданылады.

«Стандарттың негізгі жаңалықтарының бірі бейнекамералардың техникалық сипаттамаларына қойылатын бірыңғай ең төменгі талаптардың белгіленуі. Атап айтқанда, матрица түрі, ажыратымдылығы, жарық сезімталдығы, кадр жиілігі, объективтердің параметрлері, жұмыс температурасының диапазоны, сыртқы әсерлерден қорғау кластары, сондай-ақ жабдықты монтаждау және орналастыру талаптары айқындалды», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.

Алғаш рет ұлттық деңгейде бейнекамералардың қолданылу мақсатына қарай жіктелуі белгіленді. Олар сыртқы аумақтарды бақылауға, ғимараттар мен құрылыстардың ішкі үй-жайларын бақылауға, адамдарды анықтау мен сәйкестендіруге, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тануға, сондай-ақ басқарылатын бейнекамераларға арналған болып бөлінеді.

Сонымен қатар, стандартта бейнебақылау жүйелеріне қойылатын талаптар да белгіленген. Атап айтқанда, олар бейнемәліметтерді үздіксіз тіркеуді, беруді, өңдеуді және кемінде 30 тәулік сақтауды қамтамасыз етуі, өзара іс-қимылдың заманауи хаттамаларын және жабдықтардың үйлесімділігін қолдауы, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік құжаттарының талаптарына сәйкес берілетін ақпаратты қорғауы, сондай-ақ тұлғаларды, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тану және оқиғаларды тіркеуді қоса алғанда, зияткерлік бейнеталдауды қолдану мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.