ЕАЭО-ның бояу-лак материалдарына арналған бірыңғай техникалық регламенті қабылданды

ЕАЭО-ның бояу-лак материалдарына арналған бірыңғай техникалық регламенті қабылданды

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі ағымдағы жылдың 20 мамырында «Бояу-лак материалдарының қауіпсіздігі туралы» Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентін бекітті.

Регламентті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен бірлесіп Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген.

Құжат ЕАЭО аумағында айналымға шығарылатын бояу-лак материалдарына қауіпсіздік талаптарын және оларды таңбалау талаптарын бірыңғай міндетті түрде қолдану және орындау шарттарын белгілейді.

Техникалық регламент бояу-лак материалдарына, атап айтқанда, бояуларға; лактарға; грунттарға; грунт-эмальдарға; су-дисперсиялық, көпкомпонентті, ұнтақ бояу-лак материалдарына; аэрозольді қаптамадағы бояу-лак материалдарына; эмальдарға; лазурьлерге; сіңіргіштерге; ағашты қорғау құралдарына; ағаштың түсін өзгертуге арналған морилкаларға; сәндік сылақтарға; шпаклевкаларға; олифтерге қолданылады.

Бояу-лак материалдарының қауіпсіздігі оларға қойылатын қауіпсіздік талаптарын сақтау, сондай-ақ қабылданған техникалық регламентте белгіленген қауіпті қасиеттері туралы таңбалау және ақпарат беру арқылы қамтамасыз етіледі.

Техникалық регламентте бояу-лак материалдарына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар, бояу-лак материалдарының құрамында ауыр металдарды (мысалы, сынап, кадмий, мышьяк жартылай металы) қолдануға тыйым салу, зиянды заттардың бояу-лак жабындарынан миграциясының рұқсат етілген деңгейлері және басқа да талаптар қамтылған.

Бояу-лак материалдары ЕАЭО аумағында айналымға шығарылғанға дейін техникалық регламент талаптарына сәйкестігін бағалау рәсімінен өтуі тиіс, бұл ретте өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беріледі.

Құжат нарықты қауіпсіз емес және контрафактілі бояу-лак өнімдерінен қорғауға, сондай-ақ олардың ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарықтарында еркін айналым жасауына кедергілерді жоюға бағытталған.

Қабылданған шешімге сәйкес, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы аумақтарында техникалық регламент 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, ал Қырғыз Республикасы аумағында 2032 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Құжаттың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://docs.eaeunion.org/documents/461/10768/