
Қазақстан Президентінің тапсырмасы аясында елде термосезімтал жүктерді тасымалдауға арналған жаңа стандарт бекітілді. Бұл температуралық режимді тасымалдаудың барлық кезеңінде, соның ішінде аралық тиеу-түсіру мен сақтау барысында қатаң сақтауды талап ететін өнімдерді жеткізуге қатысты.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі №22-НҚ бұйрығымен СТ РК ISO 23412-2026 «Температуралық бақылаумен рефрижераторлық жүктерді жеткізу бойынша жанама қызметтер. Аралық тиеу-түсіру арқылы жүзеге асырылатын жерүсті жүк тасымалы» стандарты қабылданды. Құжат 2026 жылғы 10 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді.
Жаңа стандарт термосезімтал жүктерді жерүсті көлігімен тасымалдауға қойылатын негізгі талаптарды айқындайды. Олардың қатарына азық-түлік өнімдері мен жеткізу кезінде тұрақты температуралық режимді сақтауды қажет ететін өзге де тауарлар жатады. Құжат жүк тасымалының жүкті қабылдау, тасымалдау, сақтау, аралық тиеу-түсіру және температуралық режимді тұрақты бақылау сияқты барлық кезеңін қамтиды.
Сонымен қатар стандарт рефрижераторлық жеткізу қызметін көрсетушілер мен тапсырыс берушілер арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін де реттейді. Мамандардың пікірінше, СТ РК ISO 23412-2026 стандартын енгізу өнімнің бүліну қаупін азайтып, «суық тізбектің» үзілуіне жол бермейді әрі логистикалық қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Құжат Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы шеңберінде әзірленген.
Осы уақытқа дейін Қазақстанда аралық тиеу-түсіруді қамтитын рефрижераторлық жеткізу қызметтеріне қатысты бірыңғай талаптар болмаған. Жаңа стандарт жүк тасымалының сенімділігін арттырып, температуралық режимнің сақталуына бақылауды күшейтуге және рефрижераторлық логистика саласына деген тұтынушылар сенімін нығайтуға бағытталған.