Қарағандыдағы газ құю станциясы сұйытылған газды заңбұзушылықпен сатқан

Қарағандыдағы газ құю станциясы сұйытылған газды заңбұзушылықпен сатқан

Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Қарағанды қаласының тұрғынының өтініші негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында Қарағанды қаласының Пригородная көшесінде орналасқан автогаз құю станциясында Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталды.

Атап айтқанда, нысанда сұйытылған газды сату кезінде пайдаланылатын УЗГС-01 типті автокөлік құралдарын сұйытылған газбен толтыру қондырғысы міндетті салыстырып тексеруден (поверкадан) өтпей пайдаланылғаны анықталды. Салыстырып тексеруден өтпеген өлшеу құралдарын пайдалану өлшеу нәтижелерінің дәл болмауына және тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттік метрологиялық бақылауға жататын және салыстырып тексеруден өтпеген өлшеу құралдарын пайдалану заң бұзушылық болып табылады. Аталған құқық бұзушылық үшін, жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы 1-бөлігінің 2-тармағында көзделген.

Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қысқартылған әкімшілік іс жүргізу тәртібімен 670 375 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар, кәсіпорынға анықталған бұзушылықтарды жою және газ отынын тарату колонкаларын тексеруден өткізу бойынша жұмыстар жүргізу туралы нұсқама берілді.

Техникалық реттеу және метрология саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және тауарлар мен қызметтерді өткізу кезінде өлшеулердің дұрыстығын қамтамасыз етуге бағытталған.