Жарма ауданында ұйғарымды орындамаған «Горводхоз» мекемесі жауапқа тартылды

Жарма ауданында ұйғарымды орындамаған «Горводхоз» мекемесі жауапқа тартылды

Мемлекеттік бақылау шеңберінде Жарма ауданын сумен қамтамасыз ететін «Горводхоз» мекемесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Бұған тексеріс барысында анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарымның белгіленген мерзімде орындалмауы негіз болды.

Хаттама Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша рәсімделді. Бұл бап мемлекеттік бақылау органдарының заңды талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікті көздейді.

Жоспардан тыс тексеріс барысында кәсіпорынның су есептегіш құралдарын уақытылы салыстырып тексеруден өткізуді қамтамасыз етпегені анықталды. Бұған дейін тиісті ұйғарым берілгенімен, ол мерзімінде орындалмаған.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің Абай облысы бойынша департаменті сумен жабдықтау саласындағы есептегіш құралдарын салыстырып тексерудің шешуші маңызы бар екенін атап өтеді. Есепке алу аспаптарының дәлдігіне тек есеп айырысудың дұрыстығы ғана емес, сонымен қатар су шығынын бақылау, инженерлік желілердің жай-күйі және көрсетілетін қызметтердің жалпы сапасы да тікелей байланысты. Салыстырып тексерілмеген есептегіштерді пайдалану мәліметтердің бұрмалануына және тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.

«Горводхоз» - тіршілікті қамтамасыз ету нысаны. Сондықтан оның жұмысындағы кемшіліктер тұрғындарға, әлеуметтік нысандарға, ауыл шаруашылығы мен бизнеске тікелей әсер етеді. Осыған байланысты заң талаптарын орындау басты міндет.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот «Горводхоз» мекемесін кінәлі деп танып, оған 302 750 теңге көлемінде айыппұл салды. Департамент өлшеу құралдарын тексеруден өткізу талабы мекеменің мәртебесі мен әлеуметтік маңызына қарамастан барлық субъектілерге ортақ екенін ескертеді.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің төраға орынбасары Бауыржан Қасымов атап өткендей, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес берілген ұйғарымдар орындалуға міндетті. Сондай-ақ ол ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының заңды талаптарын, ұйғарымдарын немесе қаулыларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді.