Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» премиясын табыстау рәсімі өтті. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Қазақстанның үздік тауары» номинациясы бойынша жеңімпаздарды марапаттады.
«Халыққа арналған үздік тауар» номинациясы бойынша санитарлық-гигиеналық өнімдер шығаратын «PAPIRONE» ЖШС (Алматы) марапатталды. 2020 жылы құрылған компанияда 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорын заманауи жабдық қолданады, өндіріс көлемін тұрақты ұлғайтып, өнімдерін Қазақстан мен ТМД нарығына жеткізеді.
Сондай-ақ марапатқа «Sem Brand» ЖШС (Түркістан облысы) ие болды. Компания металл қаңқалы жиһаз өндіреді. 2022 жылы құрылған кәсіпорын бүгінде 70-тен астам қызметкері бар толыққанды өндіріс орнына айналды. ISO стандарттарын енгізіп, елдің ірі қалаларындағы қоймалар арқылы өнім таратады.
Жеңімпаздардың бірі — тұрмыстық және кәсіби химия өнімдерін өндіретін «WEC Trade» ЖШС (Қарағанды облысы). Компания сапа менеджментінің ISO жүйелерін енгізіп, өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып өнім шығарады. Оны Қазақстан, Ресей және Өзбекстан нарықтарына жеткізеді.
«Үздік азық-түлік өнімі» номинациясында күріш және оның қайта өңделген өнімдерін өндіретін «Асыл дән LTD» ЖШС (Қызылорда облысы) жеңімпаз атанды. Кәсіпорын заманауи қондырғылармен жабдықталған, халықаралық ISO стандарттарына сай жұмыс істейді және өнімдерін ішкі нарыққа да, экспортқа да жөнелтеді.
Лауреаттар қатарында отандық шикізаттан дайындалған мұздатылған ет өнімдерін шығаратын «Айсберг ПВ» ЖШС (Павлодар облысы) де бар. Компания 120-дан астам өнім түрін ұсынады. Терең мұздату технологиясын қолданып, өнімдерін еліміздің барлық өңіріне және Ресейге жеткізеді.
Сонымен бірге өңделген ет өнімдерін шығаратын «Бижан» ет өңдеу кешені» ЖШС (Ақмола облысы) марапатталды. Кәсіпорын заманауи азық-түлік қауіпсіздігі стандарттарын енгізген, өткізу нарығын кеңейтіп, өңірде әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеді.
Айта кетейік, жеңімпаздар төрт жыл бойы премия эмблемасын жарнамалық мақсатта қолдана алады.
