Қазақстанда жылу электр станцияларындағы сарқынды суды тазарту және қайта пайдалану жөніндегі ұлттық стандарт бекітілді

Қазақстанда жылу электр станцияларындағы сарқынды суды тазарту және қайта пайдалану жөніндегі ұлттық стандарт бекітілді

Тұщы су тапшылығы жаһандық деңгейде күшейген тұста Қазақстан энергетика саласының тұрақты дамуы мен экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытында маңызды қадам жасады. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті СТ РК ISO 4789:2025 «Жылу электр станцияларындағы сарқынды суларды тазарту және қайта пайдалану жөніндегі нұсқаулықтар» ұлттық стандартын бекітті. Бұл құжат халықаралық ISO 4789:2023 стандартымен бірдей және елімізде алғаш рет енгізіліп отыр. Жаңа стандарт энергетика секторында су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалануға жаңа бағыт береді.

Қазіргі таңда су тапшылығы – әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Халық санының өсуі, урбанизация және өнеркәсіптің қарқынды дамуы тұщы суға деген сұранысты күрт арттырып отыр. Зерттеулерге сәйкес, жылу электр станциялары әлемдегі өнеркәсіптік су тұтынудың шамамен жартысын құрайды. Демек, энергетикалық өндіріс көлемінің өсуі су ресурстарына түсетін жүктемені де күшейтуде.

Жаңартылатын энергия көздерінің дамуы қарқын алғанымен, 2020 жылы әлемдегі электр энергиясының 64 пайызы әлі де қазба отындарынан өндірілді. Бұл ретте жылу электр станциялары суды көп қажет ететін және құрамында түрлі химиялық әрі органикалық ластаушы заттары бар сарқынды суды шығаратын негізгі кәсіпорындар болып қала береді. Мұндай суды тазартусыз ағызу экожүйе мен су айдындарының экологиялық тепе-теңдігіне елеулі қауіп төндіреді.

Жылу электр станцияларында тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану тек технологиялық жаңалық емес, сонымен қатар су ресурстарын үнемдеуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған стратегиялық шешім. Қазіргі таңда көптеген елдер осы бағытта нақты шаралар қабылдап отыр. АҚШ, Қытай, Жапония және Халықаралық энергетикалық агенттікке мүше бірқатар мемлекет сарқынды суды қайта өңдеу және нөлдік сұйықтықты ағызу (Zero Liquid Discharge) жүйелерін енгізу арқылы суды тиімді пайдалану тәжірибесін дамытып келеді.

Қазақстанда қабылданған СТ РК ISO 4789:2025 стандарты да осы жаһандық үрдіске толық сәйкес келеді. Ол су ресурстарын тиімді пайдалану, сарқынды судың құрамын жіктеу және талдау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ мембраналық, биологиялық және химиялық әдістерге негізделген заманауи тазарту технологияларын енгізу арқылы өндірістік циклдерде суды қайта пайдалану мүмкіндігін арттыруды көздейді.

Аталған стандартты енгізу энергетика саласында суды тұтыну көлемін азайтып қана қоймай, өндірістің экологиялық тұрақтылығын күшейтеді. Бұл бастама – өнеркәсіптің дамуы мен табиғи ресурстарды сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Осылайша, Қазақстан ХХІ ғасыр энергетикасындағы экологиялық жауапкершіліктің жаңа деңгейін қалыптастырып, жаһандық тұрақты даму мақсаттарына сай келетін елдердің қатарына қосылып отыр.