Мемлекет қазақстандықтар сатып алатын тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша жұмыс қорытындыларын шығарды.
Осы кезеңде Комитеттің аумақтық департаменттері техникалық регламенттердің талаптарының сақталуына байланысты 3 мыңнан астам тексеру жүргізді. Бұл тексерулердің 75%-ында бұзушылықтар анықталғанымен, олардың 69%-ы ескерту-профилактикалық сипатта өткізіліп, бизнеске артық қысым жасалмай жүргізілді. Бұл көп жағдайда тексерулердің мақсаты – түсіндіру мен алдын алу болғанын, жазалау емес екенін көрсетеді.
Бақылау мақсатында сатып алынған өнімдерге төмен вольтты жабдықтар, электр тауарлары, кабель өнімдері, мотор майлары, құрылыс материалдары және басқа да тауар түрлері кірді. Барлығы 108 өнім үлгісі іріктеліп, қазіргі уақытта зертханалық сынақтардан өтуде.
Тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша:
2320 нұсқама және ұсыным берілді;
98 млн теңгеден астам сомаға субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
5 мыңға жуық сәйкестікті растау құжаттары жойылды;
6 субъектінің аккредиттеу аттестаттарының күші уақытша тоқтатылып, бір субъект аккредиттеу аттестатынан айырылды.
Метрологиялық қадағалау аясында 24 635 өлшеу құралы тексерілді. Анықталған бұзушылықтар нәтижесінде 2 673 салыстырып тексеру сертификаты жойылып, 7 614 өлшеу құралын пайдалануға тыйым салынды.
15 мыңнан астам зергерлік бұйым тексеріліп, олардың 82%-ында заңбұзушылықтар анықталды.
Бақылау жанармай құю станцияларын, энергетика нысандарын, өнеркәсіптік кәсіпорындарды, ауруханалар мен мектептерді қамтыды – яғни өлшеудің дәлдігі мен қауіпсіздігі аса маңызды салаларда жүргізілді.
Комитет әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына тұрақты мониторинг жүргізуде. Мысалы, сапасыз бензинге қатысты хабарламалар бойынша аумақтық департаменттер 116 жанармай құю бекетін тексерді. Нәтижесінде — мұнай өнімдерін сатушыларға бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар беріліп, отын сапасын растайтын құжаттарды ұсыну талабы жолданды.
Комитет техникалық реттеу, метрология, сәйкестікті бағалау саласындағы аккредитация және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар саласында бұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.